Ұлттық сана имандылық сананың көрінісі

0

«Дала өркениеті» деп аталған ерекше қоғам құрған қазақ қауымы шын мәнінде нағыз Мұсылман елі болатын. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан, ауылдар ассоциясынан құралған  алып ел ӨЗ ЖҰРТЫ, НАҒАШЫ ЖҰРТЫ, ҚАЙЫН ЖҰРТЫ дейтін бір-бірін қоршаған, берік үш шеңбермен  етене туыстық жүйе арқылы бұзылмастай байланысып, осылайша үзілместей қатынаста болған еді. (Осы үш жұрт арқылы пайда болған туыстық атаулардың өзі ерекше атаусөздер қазынасын  қалыптастырды: нағашы, жиен, жезде, жеңге, балдыз, бажа, бөле, қайын ата, қайын ене, қайнаға, қайынбике, абысын, құда, құдағи, құдаша…).

Және осы үш туыстық қатынастың өзі Хақ діннің шариғаты бойынша іске асырылып отырды. Яғни, қазақтар Хақ дінді құрғақ қағида бойынша емес, жанды тұрмыстық қатынас бойынша өз болмысына сіңіре білді. Мәселен, «жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпайтын ел болу» әмеңгерлік дейтін мұсылмандық үрдіспен іске асты.

Бүкіл елді, елге танылған әрі батыр, әрі дана біртуар көсемдер басқарды.  Халықтың мүддесі үшін, бүтін жұрт таныған дана адамдардан таңдалған  «Билер Алқасы» билік жүргізіп, бүкіл елді бүтін ел болдыратын  кемелдікке жеткізіп отырды. Қоғамдық тәртіпті жасауыл-жандармсыз, зындан-түрмесіз орнатып, руаралық құн төлеу, ауыл арасы ат-шапан айып салу, ағайын арасы сөзге тоқау… сынды адамгершілік тетіктер арқылы тентектерін тиып, қылмыстыны ар-ұждан сотымен жазалап, адамның құқын қорғай білді.

Әр адамның полицейін жүрегіндегі  рухани  иманымен, ішкі ұятымен  бақылатып қойды. (Бұл қоғамдық көрініс қазақ халқының Ақ Орда кезеңінде шарықтау шегіне жеткен еді, ал сол кезде өздерін өркениетті санайтын батыс, шығыс елдері үрейлі қараңғы түрмелер мен айыптыны азаптайтын не қилы сұмдық жүйемен өз қоғамдарын әзер ұстап отырғаны тариха мәлім).

Елде арнайы армия құрмай-ақ, әр ауылдағы бозбаласынан бастап бақуат қариясына дейін найзагер, қамшыгер, шабандоздыққа жас басынан дағдыландырған жауынгер, ержүрек, қуатты қауымды қалыптастыратын ерекше көшпенділік тәрбиенің үрдісі болды.

Әлеуметтік қызмет көрсетуде отел-қонақүй, жолбекет салмай-ақ, алып далада көсіліп жатқан әрбір ақбоз үйлі ауылы «Құдайы қонақ қабылдау» (Бұл да пайғамбарымыздың сүннетінен негіз алған) дейтін ізгілік қызметін тегін әрі мүлтіксіз іске асырып, халықтың төл дәстүр-салтына айналдырып жіберді. Нағашылаған, қайыншылаған, ел кезген, мал іздеген кім болса да, аш қалам, қаңғырып далада қалам деп қорықпай күншілік, айшылық алыстарға емін-еркін сапарлап кете беретін тегін жолторап жүйелерін құрған еді.

Жеке адамдарға төлқұжат жасамай-ақ, жолаушы адам өз руын айтса болды, кез келген адам оның қай ауылдан екенін айнытпай танып, егер өте алыс жерге келсе ауыл ақсақалдары оның қай жүзге жататынын сұрап, ары қарай тегін таратып танып алатын, жеке жадтан қоғамдық жадыға дейін дамыған ерекше биокомьпютерлік «төлқұжат жүйесі» қалыптасқаны, қазаққа ғана тән таңданарлық феномені деуге болады.

Балабақша, мектеп, университетсіз отбасы мектебінен бастап… ақсақал, ақбасты әжелер даналығына дейін шарықтаған бүтіндей қазақы төл білім жүйесін қалыптастырып отырды. Бұл білім жүйесі күнделікті тұрмыстық қарекеттен бастап, аспандағы ай, жұлдыз есебі, сахара даланың сансыз тірішілік тынысынан тартып, төрт түлік мал, аң-құс, жайлымдағы сан түрлі өсімдіктердің аты-жөніне дейін әрбір дала тұрғыны айнытпай білетіні ондағы адамдар үшін әркім біліуге тиіс әдетегі нәрсе саналатын-ды… ал, бөтендерден ең керектіні алып, өзіндік салтқа, дағдыға айналдырып,  жатжұртқа еліктемей өз мәдениетін де, өз тұрмыс құралдарын да төл болмысына сай кемелдендіре білді…

Қазір осы ерекше рухани өркениеттің тірі көзіндей болған қайталанбас дала әуендері мен терең тебіреністі домбыра күйлері, («Отырар сазы» соның қалпына келтірілген ғаламат көрінісі!) даналыққа толы дастандар мен ғажайып аңыз, ертегілер, әдемі киіз үй, сүйкімді бесік… ғана бізге мұра болып қалғандай!

Расында, мұндай ғажап қоғамдық жүйе адамзат тарихында бұрын-соңды болмағанын, мұны өзгелер айтуға жасырды, ал өзіміз мүлдем ұмыта бастадық. Себебі, соңғы бодандық қамытын киген екі жүз жыл бойы осы асыл құндылықтарымызға үнемі сырттан, іштен нетүрлі қастандық жасалып,  асылдарымыздан үздіксіз айырылумен келдік…

Ақырында,  жады бұзылған жабырқау, жатжұртқа жалпақтағыш жалтақой, «біреудің қаңсығын таңсық көретін» еліктегіш тобырға айналдық… Ең соңында, өрттен аман қалған өміршең түбірлерден сүмбіл болып қайта көктеп келе жатқан жанкешті, жаны берік халыққа ұқсаймыз.

Енді, бәрін қайта қалпына келтіруге тиіспіз, әсіресе рухани құндылықтарды қалпына келтірсек, материалдық құндылықтар уайым болмауы керек. Алайда, жоғарғы айтылған мысалдар, қайтадан бұрынғы өткен шаққа қайту емес, мың жылғы мәдениетті қайта қалпына келтірудің жолын қарастыруды көздеу үшінгі еске түсіру ғана.

Біз, қазіргі өркениетті деп аталатын елдерден ғылыми технологияны ғана  үйренуіміз керек, басқа мәдениет өзімізде жетерінше жасалған, кемелдіктің шыңына  жеткен. Яғни, біз тобырлық санадан ұлттық санаға әлдеқашан  жеткен, одан да өтіп имандылық сананы бойымызға сіңірген кемел халық едік…

Алайда, кейін жаугершілікке ұшырап, бүтін елдің шеті сөгіліп «Алқакөл сұлама» сұрапылы бізді  бодандық қамытын киюге ұшыратып кетті, сөйтіп бодандықтың  тобырлық  кезеңі басталды.

«Зар заман» жыраулары  айтқандай  ерліктен  ездікке бет алдық; Махамбет батыр жырымен өсиет етіп кеткендей, елдікті билікке саттық; Абай хаким айтқандай, «өз билігі өз қолынан кеткен, бір ұрты май, бір ұрты қан»  сал-серілік құрып,  қылыштың орнына домбыра ұстаған әуейі тобырға айналддық.

Соңында, елес коммунизмді қиялдап есі кеткен арақкеш, дінсіз советтік тобырлықты бастан өткіздік. Енді тәуелсіздік кезеңінде, осыған дейін дендеген рухани дерттің   кеселінен айығу жолындағы ең қиын жанкешті күреске түскен, ұлттық санаға жету үшін сан түрлі қайшылықты бастан өткізіп жатқан қилы тағдырды  бастан кешудеміз…

Ақиқатында, тобырлық  санадан  құтқаратындар  ұлттың  ДАРА ТҰЛҒАЛАРЫ ғана, (мәселен, Алаш Арыстары аз уақытта айтулы  тарихи істер атқарды, ақ патшаның меншігіне айналған қазақ жерінің заңды шекарасын қалпына келтірді, қазақ тілінің ғаламат грамматикасын жасап кетті, әр салада кемел оқулықтар жазып үлгерді, бүкіл түріктік мұсылманық дүниетанымның негізін салды, әдебиеттің кемел үлгісін жасап үлгерді…т.т. қазіргі тұлғаларды оқырман өзі біледі…) дара  тұлғалардың қаншалықты көптігімен ғана халықтың кемел қасиеті жетілетін болады.

Алайда, тобырлық санадан аспай, ұлттық сана жетілмей қалған жер бетінде халықтар аз емес. Бодандық тобырлықтан жаңа құтылып енді, қайта ұлттық санаға бет бұрған қазақтың әрбір зиялы азаматы осы үшін күреспесе, тобыр қалпымызда қала беруіміз де өте ықтимал…

Сондықтан,  тұлғаларды  тәрбиелеу, тұлғаларды қолдау,  тұлғаларды қорғау,  тұлғаларды көбейту ұлтымыздың  мақсатына айналуы шарт, үлкен, жетілген  ұлттардың  тарихы  осыны көрсетуде… Қазір қазақ халқының  алдында тек осы мәселе тұр!

(Тобырлық санадан ұлттық санаға дейін атты эсседен үзінді)

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/