Алтын домбыра 2019 кімге бұйырды
Оралда өткен республикалық ақындар айтысына барлығы 20 ақын қатысты, бас жүлде иегеріне 4 миллион теңге берілді
НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Оралда «Тұғыры биік Тəуелсіздік!» атты VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Бас жүлдені алматылық ақын Рүстем Қайыртайұлы қанжығалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өнер сайысы екі күнге созылды. Жыр додасына барлығы 20 ақын қатысты. Республикалық айтысты ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
«Алтын домбыра» алматылық ақын Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Бас жүлде иегеріне 4 миллион теңге берілді.
Ал бірінші орынды Мұхтар Ниязов алса, Жансая Мусина мен Қазірет Бердіхан екінші орынды олжалады. Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосынов үшінші орыннан көрінді. Әсем Ережеқызы, Қанат Мырзахан, Аспанбек Шұғатаевқа арнайы жүлде табысталды. Ал финалға шықпаған ақындар ынталандыру сыйлығын алды.
©
Photo : «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі
«Алтын домбыра» айтысы мәресіне жетті
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан келген айтыс өнерінің ірі қолдаушысы, «Tass Group» компаниясының директоры Дулат Тастекеев қарағандылық Дидар Хамзиевке ат мінгізсе, оралдық Бауыржан Шимерденұлына бір жылдық 2 миллион 400 мың теңге мөлшерінде стипендия тағайындады.
Тағы оқыңыз: «Арам ойым болған жоқ»: Айнұр Тұрсынбаева не үшін кешірім сұрағанын айтты
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, айтыстың алғышқы күні «Nur Otan» партиясының ұсынысы бойынша мемлекет басшысының жарлығымен айтыс жанашыры Жүрсін Ерман «Парасат» орденімен, ал айтыскер ақын Айбек Қалиев «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Nur Otan» партиясы келесі жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына орай аламан айтыс өткізуді жоспарлап отыр.
sputniknews.kz