Алты жылға сотталған Гауһар Әлімбекованың сіңлісі жанайқайын жеткізді — новости Казахстана

0

Қаңтар айының соңында 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекованың сіңлісі даулы іске қатысты өз шындығын айтты. Бұл туралы 31 арнаның «Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

Әншінің сіңлісі Гүлнар әпкесін кінәлі деп есептемейтінін мәлім етті.

«Гауһардың кінәсі жоқ. Ол 1000 теңге де жемеген. Егер ол сонша ақшаны жесе, неге көлік алып алмайды? Неге үй алмайды? Неге жағдайын жасап алмайды?

Гауһар ақшаны алып, ұлы Тимурмен бірге барып, бір компанияға тапсырған. Болды. Гауһардың қатысы жоқ. Ордабаеваның өзі «Біздің компания алды. Құжаттардың бәрі тіркелді» деп мойындап отыр ғой», — дейді әншінің сіңлісі.

Еске сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» бабымен жауапқа тартылып, 6 жылға бас бостандағынан айырылғаны белгілі болды.

Осыдан кейін журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын ашып айтып, әншінің де бұл істе құрбан екенін мәлім етсе, танымал заңгер Орынбасар Тілепбергенов әншінің қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтқан еді.

Сонымен қатар Гауһар Әлімбекованы сотқа берген құрбысы Бақыт Назарова іске қатысты пікір білдіріп, әншінің абақтыға жабылғанын қаламағанын айтқан болатын.

Ал Гауһардың ағасы Әділхан Әлімбеков қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысын білдіріп, оқиғаның мән-жайын өзі баяндады.

Дереккөз: kaz.nur.kz