Алты ағайындының дауында үлкені – бір жақ, өзгесі – бір жақ: Алматылық өлген бауырларының мүлкін иемденіп, мүгедек бауырларына қамқоршы болып алған

0

Ағайынды мүлікті таласқа салып, өзара бөлісе алмай жүр. 4 бауыр үлкен әпкелерінен жер мен үйді ала алмай жүрміз деп шағымдарын айтты. Айтуларынша, ол мүліктерді өз атына аударып алып, жетім балаларды қаңғытып жіберген. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Илахуновтар әулеті 7 ағайынды екен. Бірақ олардың үшеуі көз жұмған. Сол әулеттің төртіншісі Дәутәлі Илахуновтың әйелі Тәжігүл Назарова 1992 жылы күйеуімен бірге үй сатып алғанын айтады. Бірақ оны үйдің алтыншысы Розагүлдің атына жазған. Өйткені Розагүлдің психикалық ауытқуы болғандықтан, отанасы оны далада қалмасын деп осылай жасатқан. Бірақ Розагүл үйдің үлкені Бахардың қамқорлығында екен. Осылайша үйді өз атына аударып алыпты. Содан бері келіні Тәжігүл мен қайын әпкесі Бахар соттасып жүр. Осы дауға жүрегі ауырған Дәутәлі 2023 жылы о дүниеге аттанды.

О баста Розагүлдің атында болған үй ол көз жұмғаннан кейін таласқа салынып, сот шешім шығарыпты. Ол қалған тірі 4 ағайындыға және қалған Дәутәлінің әйелі Тәжігүлге және тағы біреуінің баласына теңдей бөлінген. Олар үйді сатқанда ғана ақшаны бөліп ала алады. Бірақ басқа бауырлар мұрадан бас тартып, сол үйді Тәжігүл Назароваға қалдыруға келісіп отыр. Тек үйдің үлкені Бахар Илахунова ғана қарсы, ол үйді сатуға да, мұрадан бас тарту үшін ақша алуға да көнбей отыр.

Илахуновтар әулетінде 7 бала болса, ондағы үшінші қыз Фарида, алтыншы қыз Розагүл және кенжесі Әбуәлидің денсаулығында кінәрат бар екен. Фарида 1986 жылдан бері психологиялық есепте ақыл-есі кем ретінде тіркелген, Розагүлде шизофрения, бала кезден мүгедектігі бар, ал Әбдуәли өз бетімен өмір сүруге қабілетсіз, 3-топ мүгедегі деп танылған.

Сол үшін 2017 жылы Розагүл мен Әбдуәлині Бахар өз қамқорлығына жаздырып алған. Бірақ олармен бірге тұрмапты. Өйткені Розагүл көз жұмды, ал Әбдуәлі өз отбасымен ата-анасының үйінде тұрады, бірақ ол баспана да Бахардың атында. Десе де біреуіне 65 мың, екіншісіне 79 мың соған түсіп тұрған дейді.

Қазіргі таңда Бахар Илахунованың атында 6 үй, 1 жер бар екен. Қалған бауырлары өз еншілерін ала алмай әлек.

Әбдуәлидің баласы Әділжан әкесін өз қамқорлығына алғысы келеді, алайда әулеттің үлкені құжаттарын бермейді екен. Ол Бахардың атына жазылған үйді өзіне рәсімдегісі келеді.

“Құжаттар Бахарда, бізге бермейді. Біз әкем екеуміз тұрамыз. Әкем қазіргі таңда жұмыс істейді, менің де жұмысым бар. Енді құжатты алып, үйді өз атыма жазғым келеді. Себебі кішкентайымда әжем мені бағып-қаққан. Ол осы үйді маған қалдырды”, – деді Әбдуәлидің ұлы Әділжан Илахунов.

Әулеттің екіншісі Жүсіпәлінің ұлы Ілияс Илахунов та Қонаевтағы үйін Бахар тартып алып, сатып жіберген дейді. Ерте жастан ата-анасынан айырылған баланы кейін үйден қуып шыққан. Ол достарының үйінде тұруға мәжбүр болғанын айтады.

“Әжемнің қолында өстім. Әжем көз жұмғаннан соң Бахар үйден қуып шықты. Ол үйден қуып жіберді. Әрі үйім болған еді. Біреулер алдап несие алдыртқан еді, кейін төлемей қойды. Сосын үйіңді тартып аламыз деп қорқытты. Үйді тартып алмасын деп Бахардың қызы Саяраға уақытша рәсімдедім. Бірақ шаруа шешілген соң үйді бермей қойды. Үйді сатып жіберген көрінеді”, – деді Ілияс Илахунов.

Үшінші қыз Фариданың ұлы Ильшат та Бахар анасының атындағы жерді бермей отырғанын айтты. 8 сотық жер Фариданың атында болғанымен, құжатын бермей отыр дейді.

Бахар Илахунова бауырларының балалары үшін еңбектенгенін сөз етті.

“Бар тапқан-таянғанымды өзіме алмай, үй алуға жинадым. Қарапайым аскөк сатып, тіпті өзіме ішкиім алмай, ақша жинадым. Себебі бауырларымның балалары далада қалмасын дедім. Әрқайсысында баспана болғанын қаладым”, – деді ол.

Алғашында ол Әбуәліні қамқорлығына алмай, құжаттарын қайтаруға, Фариданың да жерін беруге келісетінін айтты. Ілиястың да үйі сатылмағанын айтып, оны қайта рәсімдеуге келісті.

Бірақ 1-2 күннен кейін айқай шығарып, айтқан сөзінен бас тартты.

Сөйтсе Ілиястың Қонаевтағы үйі 2018 жылы сатылып кеткен екен. Олар үйдің жаңа қожайындарына хабарласып, “жалдап тұрып жатырмыз” деп айтсын деп өтінген. Ал Ильшат жердің құжаттарын әлеуметтік қамту орталығынан алып алды.