«Аштықтан шетелге қашамыз деп, құлдыққа түстік»: Ашаршылық куәгерлері естеліктерін бөлісті

0

ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқының қасіретке толы бетбұрысты кезеңі болып саналады. Әсіресе 1919 жылдан басталған нәубет 1946 жылға дейін жалғасын тапты. Азып-тозған халық талғажау ас таппай, бір-бірінің етін жеп, көртышқан секілді жануарлармен қоректенуіне тура келді. Ұлы жұт кезінде қанша халық туған жерден қоныс аударды? Ашаршылықтан аман қалған куәгерлер мен олардың ұрпақтары қатыгез ұжымдастыру жайлы не біледі? «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтап алу» комиссиясы қандай архивтерді қопарды? Бұл туралы Stan.kz тілшісі толығырақ зерттеп көрді.

«Тамақ таппай, тасбақа, құрбақа теріп жеген»

Жетісай тумасы Абжан Ақбота өзінің атасы Байболов Әбдіхалықтың ашаршылықтан аман қалғанын және тасбақа және құрбақа секілді жәндіктерді қорек еткенін айтып берді.

«Менің атам 1921 жылы өмірге келіп, 96 жасында дүниеден өтті.  Бізге өзінің өмірін көп айтатын. Атам ашаршылық кезінде тамақ таппай, тасбақа, құрбақа теріп жеген кездеріміз болған деп айтқаны әлі есімде. Сол кезде адамдар судың жанына келе жатса, бәрі қашады екен. Себебі судың бетінде өлекселер жататын. Атам зұлмат жылдары кішкентай болғанын, көшіп-қонып жүргенін және соғыс кезінде шайқасқа түйемен тамақ жеткізгенін жиі еске алатын. Өзімен бірге жалғыз тірі қалған бір ағасын соғысқа алып кеткен, алайда ол оралмаған. Атам естеліктерін айтқан кезде кішкентай, бар ойы ойында болған баламын. Десе де, осы тарихи жағдайды еміс-еміс есіме сақтап қалыппын», – деді жетісайлық Абжан Ақбота.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған

«Аштықтан шетелге қашамыз деп, құлдыққа түстік»

Ал түркістандық Нұрлы Қазбекова әжесінің жұт жылдары басқа елге қоныс аударып, қайта елге оралғанын еске алды. Алайда қоныс аудару кезінде әжесі туған балаларынан және төрт-түлік малынан айырылғанын өкінішпен баяндап берді.

«Әжемнің әңгімесінен ашаршылық жылдары болған оқиғаларды айтсам деп отырмын. Ашаршылық жылдарында әжемнің қайнысы бидай мол өсіп тұр деп ағайындарымен бірге Тәжікстан жеріне қоныс аударуға барады. Өздері ауқатты отбасынан шыққан, бай еді. Малдарын судан айдап өтпек болып өткел деп салған жері терең шығып, малдары мен үстінде балалары бар жылқылары да суға кетеді», – деді Нұрлы Қазбекова.

Бұдан бөлек оның айтуынша, атасы мен әжесі судың арғы бетіне өтсе де, жол бойында қалған балалары аштықтан қайтыс болған.

«Ол уақытта таудың арасында салқын жел, сүйектен өтеді екен. Сөйтіп салқынға шыдамай, балалары біртіндеп шетіней беріпті. Содан олар әрқайсысын жолда көміп барған. Тірі қалған екі баласына берер тамақ жоқ, бидайды қуырып, бөстектің (қой терісі) үстіне шашып қояды екен. Жүннен бидайды теріп жеймін деп балалар шаршап, ұйықтап қалады екен. Бір кезде көк майса жерге бардық деп ойлағанымен, ол жерде ештеңе өспейді екен. Әжем елдегі ашаршылықтан қашамыз деп жат жерде құлдыққа түскен. Осылайша, атам қара жұмысқа жегіледі, ал әйелдерді үй шаруасын атқаруға жібереді. Алайда жергілікті сығандар қазақ әйелдерін сыртқа шығармай, оларды қашып кетпесін деп күзетіп отырады екен. Әжемнің айтуынша, олар мұрнына сырға тағып алған. Кейін бұл азапқа шыдамаған қазақтар қашып кетудің амалын жасайды. Олар қашып кетуді жоспарлайды да, бір күні кешке пойызбен кетіп қалуға бел буады. Марқұм атам сол түнде әжеме «тез жинал, туған жерге барамыз» деп айтқан. Іші жайнаған киізүйді тастап шықтық дейтін әжем. Нәзікүл деген қызды (абысынын) бір қап бидайға ауыстырып алған екен. Бойжеткен соң ұлына қосқан екен», – деді Нұрлы Қазбекова.

Нұрлы Қазбекованың айтуынша, әжесі өмірінің соңғы жылдарын Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Ж.Нұрлыбаев ауылында өткізген.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған

«Нанның қоқымына да зар болғанбыз»

Қызылордалық Әсел Әуелбек әжесі нәубет жылдардан аман шыққанын және әлі күнге дейін көзі тірі екенін айтты.

«Әжем Тауманова Ұлбазар көзі тірі, жасы 90-да. Бүлдіршін шағымда әжем жерге түскен нанның қоқымын теріп жеп отырған кезде «лас қой мынау, қалай жейсіз» деп жиіркендім. Баламын ғой, көп нәрсенің мәнісіне бара бермеймін. Сол сәтте әжем айтушы еді «Е-е-е, масығасыңдар-ау… Ашаршылық жылдары осы нанның қоқымына да зар болғанбыз. Аллаға шүкір! Сендерге ол зар заманды көрсетпесін. Баласының жылағанына шыдамай, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқа, жәндіктерді теріп берген аналар да болды» деп қасіретті жылдардың естеліктерінен сыр шертетін. Соны енді есіме алсам, біздің заман Аллаға шүкір тыныш екен деп қоямын», – деп қызылордалық келіншек әжесінің оқиғасын бөлісті.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған

«Қасқырдан қашып, құндақтағы қызын тастап кеткен»

Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Құмсау аулының тұрғыны Рита Шерін күйеуінің әжесінің аянышты тағдырын айтып берді.

«Жолдасымның әжесі – Тәжтәй Дәуғарақызы Қазбағамбетова, яғни үлкен енем ашаршылықтан аман қалған. Әжеміз егіз болды, сыңары ер бала. Әжемнің анасы қасқырдан қашып келе жатқанда осы құндақта ораулы тұрған қызды тастап, ер баласын ұрпағымды жалғастырушы деп алып кеткен. Бірақ әжемнен он жас үлкен әпкесі анасы тастаған сәбиді аяп, аман алып қалған екен. Ал сыңары ер бала көп ұзамай шетінеп кеткен», – деді ақтөбелік Рита.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған

«Өкімет бар мүлікті тәркілеп алды»

Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғыны Нұргүл Жобалаева әжесінің ата-анасы аштықтан өліп қалғанын және тек балалары аман қалғанын еске алды.

«Әжем 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Әжемнің бала шағында ашаршылық болып, ата-анасының бүкіл мүлкін тәркілеп алған. Бұл кезде олар бай отбасынан шыққан, дәулетті кісілер болған екен. Соған қарамастан туысқандарымен қоса, өздері де жеуге ас таппай, аш қалғанын айтатын. Күндердің бір күнінде әжем әке-шешесін оятайын десе, олар ұйқысынан тұрмай қойған. Бір қараса олардың аштан өліп қалғанын көрген. Әжем әке-шешесі өмірден қайтқан кезде жасы 5-те болғанын айтты. Әжем кейін ата-анасының бар таянып ішкенін балаларына бергенін, өздеріне жеткізе алмай содан қайтыс болған болуы керек деп айтып отыратын. Үш баланы кейін туысқандары асырап алыпты. Бауыры мен әпкесі – үшеуі тірі қалған. Кейін бауыры соғысқа кетіп шейіт болған. Ашаршылық кезінде сарымсақ теріп жеп, соны тамақ етіп, ас қылған», – деді жетісулық Нұргүл.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынған

«Үш бірдей ашаршылықты бастан кешкен»

Ал профессор, тарих ғылымдарының докторы Құрманғали Даркенов – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтап алу» комиссияның мүшесі. Ғалымның сөзінше, қазақ халқы бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкен жəне оны үш кезеңге бөліп қарастырады.

«1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 миллион адам), 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 миллион адам), 1946 жылдары болған аштық. Әрине, бірінші ашаршылық та сұмдық болды. Ол көбіне елдің оңтүстік аймақтарын қамтып, еліміздің барлық жұрты зардап шекті. Екінші ашаршылық, əртүрлі мəліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін болды. Ал үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты туындады. Бірақ та, бұл ашаршылық сол жылдары халықтан жасырын түрде ұстады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15-20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған. Әлемдік тарих мұндай кең ауқымды ашаршылықты білген емес», – деді тарихшы Құрманғали Даркенов.

Ғалымның зерттеуінше, Біріккен ұлттар ұйымы 1948 жылы 9 желтоқсанда «Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау» туралы халықаралық конвенция қабылдады. Бұл конвенцияны әлемнің басқа елдері секілді Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымдағы №244 заңымен ратификацияланды.

«Осы конвенцияның II бабын сөзбе-сөз өзгеріссіз келтірсек: «Осы конвенцияда геноцид ұғымымен төмендегі қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарды толықтай немесе ішінара жою пиғылымен жасалған келесі әрекеттер түсіндіріледі делінеді.

Олар:

  • осы топ мүшелерін өлтіру;
  • осы топ мүшелерінің денесін жарақаттау немесе осы топ мүшелерінің ақыл-ойына зиян келтіру;
  • қандай да бір топ үшін оны толықтай немесе ішінара жоюға жағдай туғызу;
  • осындай топ арасында бала тууды болдырмау шаралары;
  • адамдардың бір тобынан екінші топқа балаларды күштеп беру».

Осы аталған әрекеттердің қайсы бірі болса болды, ол геноцид деп мойындалады», – деді профессор.

Ал осы уақытта қазақ жерінде ашаршылық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп, жан сақтау үшін ел ата қонысынан көтеріле босып кетті.

Фото Құрманғали Даркеновтың жеке архивінен

Архив деректеріне сүйенсек, 1932 жылы Батпаққара (қазіргі Амангелді ауданы) ауданында бүкіл малдың – 4,1%, Торғай (қазіргі Жанкелдин ауданы) ауданында – 7%-ы ғана қалған. 30-жылдардың аштығын терең зерттеген ғалым Талас Омарбеков Батпаққара, Торғай аудандары қараған Ақтөбе облысында 1932 жылдың соңында 1930 жылғы малдың 2,7% қалғанын жазған.

«Малдың 90%-ы, халықтың тең жартысынан айырылуға әкелген жалпы мемлекеттік деңгейдегі шараны қалай бағалауға болады. Геноцид пе әлде большевиктік биліктің жай ғана қатесі ме? Ұлттың тұтастай немесе бір бөлігінің құрып кетуіне әкелетін жағдайды туғызу геноцид деп аталатынын еске түсірсек, тіршілік көзі – малынан айырылуы қазақты ашаршылыққа ұшыратты. Аштықтан қырылған қазақтың санын зерттеушілер 2 млн адамнан 4,5 млн адамға дейін деп көрсетеді. Бір ақиқаты, ашаршылықтан халық қырылып, қазақ жері бос қалды. Осы ашаршылық болмағанда қазір қазақтың саны 50-60 млн шамасында болар еді деген пікірлер де айтылады», – деді ғалым.

Профессор архив деректерін қопарып, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, яғни Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырағанын хабарлады.

«2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губерниясының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Ашаршылыққа ұшырағандар саны 2 млн адам еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін. Себебі осы жылдары ел ісіне белсене араласып, елдің ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «…аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек. Әрине, шынында осы 1921-1922 жылдар аралығындағы ашаршылық онша көп айтылмайды. Себебі бұрын ашаршылық мәселесі жабық тақырып болса, қазір мұндай ауыр әрі архивте көп отыру, ізденуді талап ететін тақырыптарға зерттеушілер бара бермейді», – деді тарихшы Құрманғали Даркенов.

Құрманғали Даркенов комиссия жұмыс істеген жылдары жұмыс тобына 400-ге жуық мамандар тартылғанын айтты.

«Мемлекеттік комиссияның сапалы жұмысы нәтижесінде 2,6 миллионнан астам «құпия», «өте құпия» деген грифпен тұрған құжаттардан құпия деген белгі алынып тасталды. Зерттеу жұмысына 400-ден астам ғалым қатысты. Іріктелген, білікті мамандар қараған 7 мыңға жуық құжат президент архивіне тапсырылды. 311 мыңнан астам қуғын сүргін құрбандары мен зардап шеккендер ақталды«, – деді Құрманғали Даркенов.