Алсу мен Микелла Абрамова Ержанның жеке концертіне келуі мүмкін
Жас әншінің жеке ән кеші 28 маусымда астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді
НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Қазақстандық жас әншінің астанада өтетін алғашқы концертіне Алсу мен оның қызы Микелла Абрамова келуі мүмкін. Бұл туралы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қазір «Қазақ әуендері» АҚ мен Алсудың продюсерімен келіссөз жүріп жатыр. Бұл жайында 24 мамырдан кейін айтуға болатын шығар. Алсу мен қызы Микелланың қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», — деді Маемиров мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ержан Максимның алғашқы жеке ән кеші 28 маусымда Нұр-Сұлтандағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.
«Хабар» агенттігі алғашқы концертке арнап Ержанның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы деректі фильм түсірмек. Болашақта деректі фильм қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, ағылшын тілінде де көрсетіледі.
«Голос. Дети» төңірегіндегі дау
Осы жылдың 26 сәуірінде Бірінші арнада «Голос. Дети» шоуының финалы өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Алсудың 10 жасар қызы Микелла Абрамова 56,5% дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Қазақстандық Ержан Максим екінші орын иеленді. Алайда интернет қолданушылар финалдың әділ өтпегенін айтып, шу шығарған еді. Осыдан кейін Бірінші арна финал қорытындысын қайта тексеріп, тіпті Group-IB халықаралық компаниясын тексеріске тартты.
Тағы оқыңыз: «Голос. Дети» нәтижесінің күші жойылды
Тексеріс нәтижесінде шоу кезінде дауыс беру кезеңіне сырттан ықпал болғаны анықталды. Осылайша байқау нәтижесінің күші жойылды. Енді 24 мамырда барлық финалистің қатысуымен «Голос.Дети» жобасының арнайы шығарылымы өтеді.
Жуырда желіде Ержан мен Микелланың студияда бірге ән айтып жатқаны түсірілген видео тарады.
sputniknews.kz