Алсу дауысты сатып алғанын мойындады
Өткен жылы қазақстандық Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» тележобасында екінші орын алған болатын. Финалда ол All by Myself-ті орындап, көрерменді тәнті етті
НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Ресейлік әнші Алсу «Голос. Дети» тележобасында болған жанжалға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Сол кезде оның қызы бірінші орын алса, қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орыннан көрінген болатын.
Ксения Собчакқа берген сұхбатында Алсу «Голос. Дети» тележобасында болған дауыс беру жүйесінің олқылығына тоқталды.
«Шоудың ережесі бойынша әрбір адам 20 рет дауыс бере алады. Бұл дегеніміз, адам жағдайына қарай дауыс береді. Шын мәнінде, бұл – әділетсіздік. Ұйымдастырушылардың осы әдісті әділетсіз деп танып, ережені өзгерткені дұрыс болды», — дейді Алсу.
Осыдан кейін әнші дауысты сатып алғанын ашық айтты. Ол екі телефонмен дауыс берген. Сөйтіп, Бірінші арнаның ережесімен бекітілген барлық 40 SMS –ты пайдаланған.
«Иә, дауыстарды сатып алғанымды мойындаймын. Мен Бірінші арнаның ережесімен рұқсат етілген дауыстардың көлемін сатып алдым. Бәрі солай істеді ғой. Ақшасыз дауыс беру мүмкін болмады. Оны Нагиев де үнемі еске салып отырды. «Сатып алыңдар, сатып алыңдар, бұл – балаларға жасалатын көмек» деп айтты. Менде екі телефон, өз басым 40 SMS сатып алдым», — деп атап көрсетті әнші.
Ержан Максимнің жетістігі
Өткен жылы қазақстандық Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» тележобасында екінші орын алған болатын. Финалда ол Димаш Құдайберген айтып жүрген «All by Myself-ті» орындап, көрермендерді тәнті етті.
Меладзенің командасындағы үш баланың ішінде суырылып алға шығып, финалдың екінші кезеңіне өткен Ержан Димаштың репертуарындағы тағы бір өте күрделі ән — «Adagio-ны» орындады.
Жанжал қалай басталды?
«Бірінші арнаның» тікелей эфирінде өткен байқаудың жеңімпазы көрермендердің дауыс беруі бойынша анықталды. Ережеге сәйкес, тек Ресей тұрғындары ғана дауыс берді.
Сөйтіп, «Голос. Дети» жобасында 10 жастағы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Микелла — белгілі ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы.
Бірақ көрермендер байқауда әділетсіздік болғанын жарыса жазды. Олар нағыз жеңімпаз Ержан екенін айтып, оған қолдау білдірді. «Ақшаға сатып алды», «Ержан, сен жеңдің, көрермендердің сүйіспеншілігін ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың» деген пікірлер көп болды.
Танымал ресейлік шоумен, актер, тележүргізуші Максим Галкин де әділетсіздік болғанын ашық айтты.
Әнші Валерий Меладзе, продюсер Иосиф Пригожин, актер Станислав Садальский финалдың нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желіде өз пікірін ашық білдірді.
«Голос. Дети»финалы – дауыс беру нәтижесі
«СМС сервисы» ЖШҚ ұсынған құжатқа қарағанда, жеңіске жеткен Микелла Абрамова SMS 109 мың 23, сондай-ақ телефон қоңыраулары жүйесі арқылы 36 428 дауыс алған. Ол жинаған дауыстың жалпы саны – 145 451.
Қазақстандық Ержан Максим SMS арқылы 62 667, ал телефон қоңыраулары арқылы 2 168 дауыс алған.
Жартылай финал мен финал бір күнде өткен, дауыс хаттамасында соңғы кезең жеке белгіленбеген.
Микелла арнайы финалға келмеді
Жанжалдан кейін ұйымдастырушылар «Голос. Дети» тележобасының арнайы шығарылымын өткізуді ұйғарды. Сол жерде Бірінші арнаның бас директоры Константин Эрнст финалистердің бәрі жеңімпаз болғанын мәлімдеді. Барлығына бір миллион рубльден табысталды.
Алайда жобаның арнайы шығарылымына Микелла Абрамова келген жоқ. Бірінші арнаның басшылығы «Голос. Дети» жобасының алтыншы финалында болған нәтижені жою туралы шешім қабылдады. Себебі тексеріс кезінде Абрамованың атына жазылған дауыстардың қолдан көбейтілгені анықталды.
sputniknews.kz