Алпамыс: Мен Димашпен бірге жүргенде Тимур Балымбетов күнделікті хабарласатын, қазір көмек сұрасам бас тартады

0

Димаш Құдайбергеннің досы, жанкүйері Алпамыс Шаримов Димашпен арадағы қарым-қатынасы жайлы айтты. Ол Димаштан кеткелі өнердегі достарымен де араласпай қалған. Тіпті көмек сұрағанда бас тартқандары да бар.

Бұл туралы Шаримов Нұрсұлтан Құрманмен болған сұхбатта айтты.

Алпамыс Шаримов бір кездері Димаштың қасында жүрген адам. Бірнеше жыл әншімен жұмыс істеді. Қазір бөлек жобалары бар. Қандай да бір себептермен Димашпен араласпай қалғанын айтқан Алпамыс өнердегі әріптестерімен арасы суи бастағанын мойындайды.

«Димаш екеуміз екі жаққа кеткелі бері Димашқа жақсы көріну үшін, Димашпен қарым-қатынасын жоғалтып алмау үшін менімен араласпай кеткендер болды. Мәселен Димаштан соң менің «Бастау» деген жобам болды. Домбырашы екі жігітке продюсер болдым. Сол кезде «Гәкку» арнасының продюсері Тимур Балымбетовке хабарластым. Арнадан «Бастаудың» орындауын берейік деп өтіндім. Қазақтың домбырасының үнін шығарайық дедім. Димашпен жүргенде ол күнделікті хабарласып, Димаш туралы сұрайтын. Видеолар жібер деп өтінетін. Кейін Димаштан бөлек кеткен соң менімен арасы суыды. Менімен араласса, Димаш онымен араласпай қалатын секілді ойлады. Ақша да ұсынып көрдім. Бірақ алмады. Балымбетов қана емес, біршама таныстарым солай істеді», — деді Шаримов.

 

 


Алпамыс «Бастаудың» жігіттерімен де ат құйрығын кесісті. Себебі ақша мәселесінде келісе алмапты. Одан бөлек өз талаптарын орындамағаны себепті олармен жұмысын тоқтатқан. Ал, шығындарды түскен ақша ақтаған жоқ дейді өзі.

Алпамыс Шаримов Нұрлан Қоянбаевпен жақсы араласатынын айтады. Қоянбаевты сауатты жақсы маман деп санайды.

«Көпшілік Қоянбаевтан тек әзіл күтеді. Оның әзілдерін жақсы көреді. Себебі әзілкеш ретінде таниды. Негізі ол кісі әзілкеш қана емес, мықты интиллигент адам. Ол кісі кез келген тақырыпта сауатты. Президент болуға шамасы жетпейтін шығар, ол жағын білмедім, бірақ саясатқа араласса, сенат депутаты болса, біраз нәрсе өзгертер еді деп ойлаймын», — деді ол.

Алпамыс Шаримов Қоянбаевтың жобаларын да, бағдарламасын да, киноларын да мойындауымыз керек деп есептейді. Себебі оның жасағанын жасамай тұрып ешкімнің сын айтуға қақысы жоқ дейді ол.