Алмазбек Атамбаев тергеуге екінші рет шақыртылды

0

Қырғызстан ішкі істер министрлігі бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа тергеуге шақырту қағазын екінші рет жіберді. Бұл туралы саясаткердің жақтастары айтты.

Милиция қызметкерлері шақыртуды Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне жеткізген. Қағазда бұрынғы президенттің ІІМ тергеу қызметіне куә ретінде түсінік беруі үшін шақырылатыны жазылған.

Алғашқы шақырту Атамбаевқа 8 шілдеде жеткен. Бірақ «құқық қорғау органдарына сенбейтінін, заң мәселелері бойынша адвокаты Сергей Слесаревқа жүгінуге кеңес беретінін» айтқан экс-президент тергеуге бармаған.

Атамбаевтың нақты қандай іс бойынша шақырылып жатқаны ресми айтылмайды, бірақ адвокат Слесарев іс қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевтың «заңсыз босатылуына қатысты болуы мүмкін» деп топшылайды. Заңгер Атамбаевтың экс-президент мәртебесі бар екенін, Қырғызстан парламентінің тиіспеушілік статусын алып тастау туралы шешімінің заңды күші жоғын айтып, ішкі істер министрлігіне хат жолдаған. Слесарев «экс-президенттің тергеуге шақырылуы заңсыз» дейді.

25 маусымда бас прокурор Откурбек Джамшитов парламентте, 2013 жылы Атамбаев Батукаевты босату туралы тапсырманы өзі бергенін мәлімдеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік статустарынан айырды. Оған депутаттардың таққан айыбы мен, сол айыпты прокуратураның қолдауы себеп болды.

Атамбаевтың өзі және оның жақтастары мұның барлығын «қаралау» мен қазіргі биліктің «саяси бәсекелесінен құтылудың амалы» деп бағалайды. Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан.

Ал 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтасы наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

Azattyq