Алматының бас санитар дәрігері кімдерге вирус жұқпайтынын айтты

0
37

Айзат Молдағасымова иммунитеті жоғары адамдар науқастармен қарым-қатынас жасаған кезде ауру жұқтырмайтынын атап өтті

АЛМАТЫ, 10 cәуір –Sputnik. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова зімбір мен лимон дәрілік зат емес екенін, тек аурудың алдын алу үшін қолданылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматының бас санитар дәрігері бұл өнімдер дәрі-дәрмекке жатпайтынын атап өтті.

«Зімбір мен лимон дәрі емес. Бұл – иммунитетті көтеруге, ағзаның функцияларын қалпына келтіруге көмектесетін өнімдер. Бүгінгі таңда зімбірмен немесе лимонмен емдеу тиімділігі дәлелденген жоқ», – деді Молдағасымова.

Дегенмен дәрігер бұл өнімдердің пайдасы бар екенін жоққа шығармайды.

«Аурудың алдын алу үшін сарымсақ, зімбір, лимон және шөптерді, микроэлементтер мен дәрумендерді қолдану үлкен маңызға ие. Иммунитеті жоғары адамдар науқастармен қарым-қатынас жасаған кезде ауру жұқтырмайды. Оқшаулау және иммунитетті арттыру – әр адамның басты қорғаныс құралы. Бұл өнімдер тек аурудың алдын алу үшін қолданылады», – деді ол.

Сонымен қатар Молдағасымова коронавирусты емдеуде вирусқа қарсы арнайы препараттардың қолданылатынын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Жақсылық Досқалиев коронавирустан қалай қорғануға болатынын айтты

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 103 дәрі бірінші деңгейдегі қажет дәрі болып саналады. Ол дәрілердің бағасы көтерілген жоқ.

«Осы дәрі-дәрмектерді әкімдік өкілдері күнделікті бақылап отырады. Алматының барлық сегіз ауданы қамтылды. 135 дәріхана ұйымы тексерілді. Бес дәріхана бөлімінде шекті бағаны көтеру дерегі анықталды. Ал бұл қол қойылған меморандум мен нормативті актілерді бұзу болып саналады», – деді Молдағасымова.

Аталған дерек бойынша іс сотқа жолданды. Тәртіп бұзушыларға 97 мың теңгеден 235 мың теңгеге дейін айыппұл салынды.



sputniknews.kz