Алматының әкімі Тоқаевқа қандай ұсыныс жасағанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Құрылыс жүргізу үшін кейбір ағаштарды кесуге тура келеді, бірақ кейін оның айналасын баққа айналдырып жіберуге болады
НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс жұмыстары кезінде ағаштарды кесу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кейбір учаскелерде құрылыс жұмыстарын жүргізгенде ағаштарды кесуге тура келетінін атап өткен Алматы әкімі қалада жасыл желектің көбейгенін өзі де қалайтынын айтты.
«Біз өткен жылы үш жылда бір миллион ағаш отырғызу бағдарламасын қабылдадық. Содан кейін бір ұсыныс жасадық. Бүгінде бір кесілген ағаштың өтемақысы – бес ағаш, оны экология министрлігі он ағашқа дейін көтерді. Осы жолы президент келгенде мен он ағаш аз, 100 ағашқа дейін жеткізуіміз керек деп айттым», – деді Сағынтаев бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, 100 ағаш жай тал емес, кәдімгідей үлкен ағаш болуы қажет. Соның бәрін кәсіпкер емес, әкімдік отырғызуы тиіс.
«Ағаштарды кәсіпкер емес, біз отырғызуымыз керек. Ол ақшасын төлесе болды. Негізі, мектепті салғанда ағаш кесілсе, артынан құрылыс жұмыстары біткеннен кейін оның айналасын баққа айналдырып жіберуге болады», – деп атап көрсетті Сағынтаев.
Оқи отырыңыз: «Қайырымды іс»: Тоқаев Нұр-Сұлтанда ағаш отырғызды — фото
sputniknews.kz