Алматыға «Муза DIOR. Алла Ильчунның тарихы. Қазақтан шығып, сән әлемін мойындатқан» кітабының авторы келді
Мегаполистегі «Алматыкітап» оқырмандар клубында өткен жаңа кітаптың тұсаукесеріне қатысуға мүдделілік танытқан жандар көптеп табылды.
Жаңа кітап 20 жыл бойы Париждің сән әлемінде салтанат құрған Алла Ильчунның өмірін ғана емес, бұрын-соңды белгісіз болып келген деректер мен мұрағаттық құжаттарды да қамтиды.
Деректі кітаптың жарыққа шығуына Досым Сатпаевтің жеке мәдени-ағартушылық қоры ықпал еткен.
Кітап авторына келсек, Берлин Иришев – экономист, дипломат. 1996 жылдан бері Франция мемлекетінде тұрады. Ал бұрынғы дипломатқа өз қандасы жайлы кітап жазу идеясы күтпеген жағдайда пайда болады. 2018 жылдың жазында көрмеден Алла Ильчунның суретші Леон Зейтлен салған портретін көріп, сатып алып қазақстандықтарға мақтанышпен көрсетпек болады. Артынша 60-қа келгенде әкесінің қазақ екендігін мойындап кеткен модель туралы кітап жазуға шешім қабылдайды.
Автор кітапты жазу және деректер жинақтау барысында мистикалық оқиғалар мен сәйкестіктердің өте көп болғанын айтады. Бұл да болса сән әлемінде «шығыс маржаны» атанып, ерекше жаратылысымен Еуропаны өзіне жалт қаратқан түбі қазақ қызының авторға әрі қандасына деген тылсым қолдауы болса керек.
Автор осы кітаптың қалай жарыққа шыққанын, оны жазу барысында ел жадынан ұмыт болуға айналған сән туралы аңыз туралы мәліметтерді, сән әлемінің падишасына айналған қазақ қызы туралы ақиқатты тірілтуге кімдердің қолұшын бергені туралы қызықты баяндады.
Қазірге орыс тілінде жарық көрген кітапта Алла Ильчун, яғни Алла Қуантханқызы Елшін Қытай елінде туып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда партизан болғанын, одан кейін Кристиан Диордың №1 моделі болғаны тарихи дәлелдермен суреттеледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/