Алматыдағы екі театрдың директорлары ауысты — Өнер

0

Алматыдағы екі театрдың директорлары ауысты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов театрдың директоры болып тағайындалды.

«Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып Сәбит Әбдіхалықов тағайындалды», — делінген хабарламада.

Театр ұжымына жаңа директорды вице-министр Ақтоты Райымқұлованың таныстырғаны айтылады.


Сәбит Әбдіхалықов © otyrar.kz

Сәбит Әбдіхалықов 1973 жылы 1 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Рабат ауылында дүниеге келген. Ол әр жылдары «Бауыржан-шоу», «Тамаша», «Мафия мен Тақия» театрларының актері болған. 

2015 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызыметін атқарып келген.

Сондай-ақ, белгілі актер Азамат Сатыбалдының Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.


Азамат Сатыбалды. © instagram.com/azamatc

Бұл мәліметті театрдағылар растады. Жаңа директорды мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

«Бүгіннен бастап Азамат Сатыбалды біздің театрдың директоры», — деп хабарлады театрдағылар.

Азамат Сатыбалды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер, театр және кино актері, 1977 жылы Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Луговой ауылында дүниеге келген. Қарағандыдағы Суворов училищесінде оқыған. «Бақсы», «Братья», «Рэкетир 2: Возмездие» фильмдеріне түскен.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz