Алматыда жалғызадамдық пикетке шыққандар Қытайда қалған туыстарына көмектесуді сұрады
17 қаңтарда Алматыда кемінде екі жерде жалғызадамдық пикет өтті. Жібек жолы көшесінде Серік Әжібай есімді азамат «Қытайда қамалған Қазақстан азаматын» босатуды талап етті. Ал орталық мешіт алдында Жеңіс Дархан есімді азамат Шыңжаң лагерінде қамауда болған әйелі мен баласын үш жылдан бері көрмегенін, Қазақстан билігінен оларды қайтаруға көмектесуін сұрады.
Осыдан бір апта бұрын да пикет өткізген Серік Әжібай Азаттыққа «Қытайда қамалған Қазақстан азаматы» Асқар Азатбекті 2017 жылы 7 желтоқсанда Қазақстан — Қытай шекарасындағы «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Самұрық» кешенінің алдынан Қытайдың билік өкілдері ұстап әкеткенін айтқан еді. Оның айтуынша, Қазақстан бірнеше рет сұрау салғанда «ол — Қытай азаматы» деген жауап алған.
— Асқар Азатбектің Қытай азаматтығынан шығып, Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын құжаттар бар. Қытайдың Алматыдағы консулдығы Қытай азаматтығынан шыққаны жайлы анықтама берген. Сөйте тұра шекарадағы сауда орталығының Қазақстан жағынан күштеп әкетіп, 17 жылға соттап жіберді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Асқар Азатбекті Қазақстанға қайтарсын, — деген еді ол.
Асқар Азатбектің туысы Гаухар Құрманалиеваның айтуынша, Қытай соты 2018 жылы 9 желтоқсанда «Қазақстанға тыңшылық жасады» деп айыпталған Асқар Азатбекті 17 жылға соттаған. Оның Құлжада тұратын әйелі мен екі баласымен де байланыс үзілген. Ол туысының жағдайынан мүлде хабарсыз екенін, өлі-тірісін білмейтінін айтты.
Серік Әжібайдың айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде шұғыл жиынға шақыруға мүмкіндігі бар.
— Сол мандатын пайдалана отырып, Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиналысқа шақыруын талап етемін, — деді Серік Әжібай.
Қарай отырыңыз: Алматы тұрғыны «Қытайда қамауда отырған Қазақстан азаматын» босатуды талап етті (6 қаңтар 2020 жыл).
Орталық мешіт алдында пикет өткізген Жеңіс Дархан есімді азамат Қытайдан әйелі мен бір баласының қайта алмай отырғанын айтып, биліктен оларды елге қайтаруға көмектесуін сұрады. Дарханның айтуынша, оның әйелі Сәуле Мелтай 2018 жылы 9 ай «саяси тәрбиелеу лагерінде» қамауда отырып, сол жылы қыркүйек айында үйқамаққа шыққан. «Қытай билігі отбасымды еш себепсіз жібермей отыр» дейді ол.
Оның қолында «Қытай әйелім мен баламды жібермей отыр. Әйелімді саяси түрмеге қамады. Әйелім сал болып, миына, беліне ота жасатты. АҚШ-қа, БҰҰ-ға арызданамын. Жол қаражатына көмектесіңіздер» деген жазуы бар плакат болды. Мешіт айналасында ары-бері өткен адамдар оған ақша тастап, қолдады.
— Қазақстанға барсаң, бізді әшкерелеп тастайсың деп содан қорқып отырғанға ұқсайды. Әйелім мен балам келіп, отбасым бүтін болса болды. Әйеліме Қазақстанға жібермейміз, күйеуің арызын тоқтатсын, қайта түрмеге сені қамаймыз, соттаймыз деп қоқан-лоққы жасаған, — дейді ол.
Азаттық бұған дейін де Сәуле Мелтай туралы жазған.
Оқи отырыңыз: Шыңжаңда үйқамаққа түскендердің тағдыры