Алматыда ұсталған Жүкеевке айыппұл салынды, бірнеше белсенді қамалды
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 22 ақпанда кешке бірнеше белсендіні әкімшілік жазаға тартты. Сот шешімі бойынша, Құрманғазы Қасымбеков — 9 тәулікке, Шәрбат Қаржаубаева жеті тәулікке қамалды. «Демократиялық партия» құруды көздейтін бастама тобының өкілі, саясаткер Төлеген Жүкеев және Анар Ибраимоваға әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 53 мың теңге) айыппұл салынды. Бұл ақпаратты Азаттыққа қоғамдық белсенді, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова және белсенділер хабарлады.
Ақпарат бойынша сот бүгін таңертең үйінен бірден полицияға жеткізілген Ибраимова мен Қаржаубаеваны 11 қаңтар күнгі — «Сергек» камераларына қарсы акцияға қатысқаны үшін («Бейбіт жиын тәртібін бұзу» бабы) әкімшілік жазаға тартқан. Соттан кейін Жүкеев Азаттық тілшісіне 22 ақпан күнгі митингіге қатысқаны үшін өзіне айыппұл салғанын айтты.
Азаттықтың түсірілім тобын сот ғимаратына кіргізбеді.
«Белсенді Руслан Иминахунов, Еркін Сабаншиев, Асхат Шыныбеков сотты күтіп отыр. Мұнда тағы бірнеше адам бар» деді кешкі 18.00 шамасында Маржан Аспандиярова Азаттық тілшісіне.
Белсенді Шәрбат Қаржаубаеваның айтуынша, оның ісін судья Әлімбаев қараған.
(Жаңалық толықтырылады).