Алматыда Серікжан Біләштің ісін қарайтын сот алдына ондаған адам жиналды

0

16 тамызда Алматыда «Атажұрт еріктілері» тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін қарайтын Әуезов аудандық соты алдына белсендінің ондаған жақтасы жиналды. Олар Біләшті қудалауды доғаруды және үйқамақтан дереу босатуды талап етті.

Сот алдына жиналғандар «Серікжанға бостандық!» деп айғайлады.

Азаттықтың тікелей трансляциясы:

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәлімдемелерімен танылған белсендіге Қазақстан билігі «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып таққан.

Сот шешімі бойынша, бірнеше айдан бері үйқамақта отырған Серікжан Біләш 15 тамызда Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізілген.

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген. Шілденің соңында Нұр-Сұлтан соты белсендінің ісін Алматыға қарауға жіберген. Қазір ол Алматыдағы баспанасында үйқамақта отыр.

Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа «тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны» үшін айыппұл салған.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш жетекшілік ететін «Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымы туралы мәлімдеп, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізген. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартқан.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым «Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр» деп айыптаған.

«Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек» деп мәлімдеген ұйым өкілі Хью Уильямсон.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

Azattyq