Алматыда «Қазақстан» шипажайының экс-басшысы Қазыбек Сұлтан қамауға алынды — Қазақстан жаңалықтары
Алматыдағы «Қазақстан» шипажайының бұрынғы басшысы Қазыбек Сұлтан қамауға алынды. Ол 974 миллион теңгені жымқырды деп айыпталуда.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.
Күдікті 2013 жылы шипажайға «күрделі жөндеу жүргіземін» деген сылтаумен демалыс орнын кепілге қойып, банктен 2 миллиард 600 миллион теңге несие алған. Кейін түрлі қаржылық қитұрқылыққа барып, аталмыш соманың 1 миллиардқа жуығын қалтасына басыпты. Тіпті бұл іске өзінің туыстарын да тартқан.
Шипажайдың спорттық-сауықтыру кешенін басқарған кіші қызы 2015-2019 жылдар аралығында барлық табысты өз пайдасына жаратқан дейді тергеушілер.
Осылайша ішкі істер министрлігіне қарасты шипажай банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені банк алдындағы берешегі үш жарым миллиард теңгеге жеткен. Сондықтан банк Қазақстан шипажайын сатылымға шығарып, шығынын жаппақшы.
stan.kz