басқа адамның суретін авторлық құқықты бұзбай қалай пайдалануға болады

0

Фотосуреттердің интернетте қолжетімді болуы оларды автордың келісімінсіз пайдалануға болады дегенді білдірмейді. SputnikPro сарапшысы жаңалықтарды суретпен жариялау кезінде жағымсыз жайттардың алдын алу жөнінде кеңес берді  

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. «Россия сегодня» ХАА зияткерлік құқық бөлімінің бастығы Анна Черницына басқа біреудің фотосуреттерін рұқсатсыз пайдаланудың қандай құқықтық салдары болатынын айтты.

Ол SputnikPro жобасы аясындағы вебинарда спикер ретінде сөйледі.

«Барлық фото, тіпті смартфонға түсіріліп, әлеуметтік желідегі жеке парақшада жарияланған «жұпыны» суреттер де авторлық құқықпен қорғалады», – деп түсіндірді заңгер.

Әлеуметтік желілердегі иллюстрацияларды қолданатын кезде БАҚ өкілдері жазба авторына сұрау салуы керек.  

«Жазба авторларының құқық иелері екеніне алдын ала көз жеткізгеннен кейін, олардан рұқсат сұрау керек. Көбінесе жазба авторлары өздері жариялаған фотосуреттердің құқық иесі болмай жатады. Құқық иесі құқығының бұзылғаны туралы шағым түсіруі мүмкін», – дейді Черницына.

Дауды болдырмаудың ең сенімді нұсқасы – жазбаша келісімшарт жасасу немесе құқық иесінен қолхат алу. Егер бұл мүмкін болмаса, e-mail, әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы рұқсат алу қажет. Сонымен қатар жазбаның астында хат жазыспаған жөн, өйткені оны жойған кезде жазба сақталмайды.

Әлеуметтік желілерден фотосуреттерді компьютерге сақтау арқылы, Print Screen пернелерін пайдалану арқылы көшіруге барлық-дерлік әлеуметтік желінің ережесінде тыйым салынған.

«Фотосуреттің скриншоты және видеодан стоп-кадр алу құқық иесінің сотқа шағымдану қаупін тудырады. Мұндай әдісті қолданудан бас тарту ұсынылады», – деп кеңес берді ол.

Егер рұқсат алу мүмкін болмаса, журналист мұндай фотосуретті пайдаланбағаны жөн.

Егер интернеттен табылған фотосуреттің авторы табылмаса және сайт суретті қолдануға болатындығын көрсетсе, бұл солай істеуге  рұқсат етіледі дегенді білдірмейді. Қалай болғанда да іздеу жүйелері арқылы авторды табу қажет. Сурет өз құқығын қатаң қорғайтын беделді агенттікке тиесілі болуы мүмкін.

Егер сурет іс-шарада, мысалы, мектептегі сап түзеу кезінде түсірілсе, онда ата-аналардан балалардың суреттерін қолдануға рұқсат сұраған жөн. Олардың келісімін камераға жазып алу керек.

Сарапшының айтуынша, адам түсірмеген фотосуреттер авторлық құқық объектісі болып саналмайды. Мысалы, фото және кино түсіру функциялары бар арнайы техникалық құралдармен автоматты түрде жасалынатын фотосуреттер, соның ішінде фотосуреттер жасау үшін арнайы жабдықталған кабиналарда түсірілген фотосуреттер (құжаттарға, ойын-сауық мақсаты үшін) кездеседі. Бұл тізімге жануарлар түсірген суреттер де жатады.

«Мысалы, маймыл жасаған әйгілі селфиді алайық. Бұл өте сирек кездесетін жағдай», – деді ол.

SputnikPro жобасының алтыншы онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.

SputnikPro – Sputnik ақпарат агенттігінің халықаралық жобасы, онда жетекші медиа менеджерлер мен журналистер шеберлік сабақтарын, тұсаукесерлер мен тренингтер өткізеді.  



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз