Алматыда перзентхана уақытша карантинге жабылды
Босанған әйел коронавирус жұқтырған адаммен байланысты болғанын жасырған. Бұл туралы белгілі болған соң қызметкерлер мен пациенттердің бәрі тексерілді
АЛМАТЫ, 28 сәуір — Sputnik. №2 перзентханада аяғы ауыр әйелде коронавирус анықталды, деп хабарлайды Алматы қаласы тауар мен қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
«№2 перзентханаға түскен әйелде COVID-19 диагнозы расталды. Жүктіліктің 39-шы аптасы, коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Ол бұл деректі бастапқыда жасырды», — деді департаментте.
Перзентхана қызметкерлері мен пациенттері тексерістен өткені хабарланып отыр.
«Тексерістен соң диагноз расталмаған әйелдер өзге медицина мекемелеріне, кейбірі үйге карантинге жіберілді», — деді департаменттің баспасөз қызметі.
Мекемеде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
«Қазіргі уақытта жаңа пациенттерді қабылдау тоқтатылды. COVID-19-ға қайта тексеріс жүргізу жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.
Сынама қорытындысы теріс болса, перзентхана жұмысын жалғастырады.
sputniknews.kz