Алматыда «несиелік рақымшылық» туралы хабарламадан кейін ел дүрлікті (ВИДЕО)
Ғаламторда «несие кешіріледі» деген хабарламаны естіген жұрт Ұлттық банк ғимаратының алдына жиналды. Соның салдарынан банктің алдында ұзын-сонар кезек пайда болған, деп хабарлайды kznews.kz сайты Экспресс К порталына сілтеме жасап.
WhatsApp желісінде тараған хабарламада «Егер несиеңіз болса, тез арада банкке өтініш беріп, арыз жазу керек. 15-желтоқсанға дейін құжат өткізгендердің несиесі кешіріледі», — деп жазылған.
Сол-ақ екен осыны естіген жұрт банк ғимаратының алдына көптеп жиналды. Әзірге ақпараттың авторы кім екені белгісіз.
Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпараттың жалған екенін айтады.
7 желтоқсанда әлеуметтік желілерде «несиеге рақымшылық» жасалады деген ақпарат тарады. Бұл хабарлама шындыққа жанаспайды, — деді вдеомства өкілдері.
Ұлттық банктің бас кеңсесі 2020 жылдың жазында Нұр-Сұлтанға көшірілгенін айта кетейік.