Алматыда коронавирусқа тексерілетіндер тізімі кеңейтілді

0
10

Мегаполисте күніне мыңдаған адам коронавирусқа тексеріледі. Қазір қалада стационарлық карантинде 877, үй карантинінде 5 217 адам жатыр

АЛМАТЫ, 9 cәуір – Sputnik. Алматыда коронавирусқа тексеруден өтетін адамдардың тізімі кеңейтілді, енді респираторлық ауру белгілері бар барлық дәрігерден анализ алынады. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Молдағасымованың айтуынша, Алматыда күніне мыңдаған адам коронавирусқа тексеріледі.

«Алматыда барлығы 13 811 адамнан анализ алынды, соңғы бір күннің ішінде 813 адам тексерілді. Жуырда қалаға 55 мың жаңа тест жеткізілді. Біз респираторлық ауруы бар медицина қызметкерлерін тексеруді бастадық. Сонымен қатар вируспен күреске қатысы бар ұлттық гвардия, қорғаныс министрлігі, полиция департаментінің қызметкерлерін тексеріп жатырмыз», – деді ол.

Сондай-ақ, қала бойынша пневмония белгілерібар адамдар нақтыланып, олардан анализ алынған.

«Пневмония белгілері бар науқастар міндетті түрде коронавирусқа тексеріледі. 25 наурыздан бастап қаламызда пневмония бар 277 адам тексерілді. 248 адам тексеруден өтті, ішінде 25 адамнан коронавирус анықталды», – деді Молдағасымова.

Сонымен қатар Молдағасымова бүгін инфекцияанықталған екі науқас жайлы айтты. Екеуі де бұған дейін тіркелген науқаспен байланыста болған.

Қалада тіркелген науқастардың 65%-і инфекция жұқтырғандармен байланыста болған, 30%-і шетелден келген азаматтар, 5%-і жергілікті тұрғындардан анықталып отыр.

Қазір қалада стационарлық карантинде 877 науқас, үй карантинінде 5 217 адам жатыр. Инфекциялық ауруханада 211 адам, провизорда 301 адам, карантиндік ауруханада 388 адам бар.



sputniknews.kz