Алматыда коронавирус табылған 14 адамның 12-cі медицина қызметкері болып шықты

0
8

Алматыда қазіргі уақытта коронавирус жұқтырғандардың саны 137 адамға жетті, екі адам індеттен қайтыс болды

АЛМАТЫ, 11 сәуір — Sputnik. Алматыда коронавирус диагнозы қойылған соңғы 14 адамның 12-cі медицина қызметкері болып шықты.

13 адам науқастармен байланыста болғандар, біреуі вирусты шетелде жұқтырған. Науқастардың ішінде 11 әйел және 3 ер адам.

14 адамның 12-сі қалалық стационардың қызметкерлері – екі дәрігер және 10 медбике, деп хабарлады coronavirus2020.kz.

Екі адамның жағдайы полисегментті пневмонияға байланысты ауыр, қалған науқастардың хәлі қанағаттанарлық.

«Өкінішке қарай, зардап шеккендердің арасында халыққа медициналық көмек көрсетіп жүргендер бар. Бұл адамдар карантинге қарамастан лауазымдық міндеттерін атқарды. Олар кез келген адамнан, оның ішінде ауру белгілері жоқ науқастан жұқтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта эпидеомологиялық тергеу жүргізілуде. Жағдай қаланың жедел штабының бақылауында. Инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Олармен байланыста болған барлық адам іздестіріліп, карантинге орналастырылады», – деп атап өтті Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Алматының бас санитар дәрігері кімдерге вирус жұқпайтынын айтты

Қалған екеуі – 20 жастағы жігіт және Куалу-Лумпурдан ұшып келіп, стационарда жатқан 24 жастағы қыз.

Бүгінгі күні Алматының инфекциялық стационарларында 108 адам жатыр, оның ішінде 4 бала бар. 80 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, жеті адамның хәлі ауыр, 21 тұрғынның жағдайы орташа.

28 адам емделіп шықты. Қайтыс болғандар саны – 2.

Провизорлық орталықтарда 138 адам жатыр, тоғызы бала, 386-i карантинде, ал 5334 адам үй карантинінде.



sputniknews.kz