Алматыда композитор Әсет Бейсеуовты еске алу кеші өтті

0

Композитор өмірінің әр кезеңдерін ерекше толғаныспен еске алып, кеш қатысушыларын әсерлі әңгімеге қарай бағыттап отырған Төлеғатай Ақбауов Әсет шығармашылығының қай тұсын алсақ та өзіндік тарихы, өзіне ғана тән әсері бар екендігіне тоқталды. Ал композитордың 500 әнін құрастырып, жинақ етуге атсалысқан Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өз шығармашылығындағы Әсет әндерінің тарихына тоқталып, композитор қанша ән жазса, сол әндерінің әрқайсысы ерекше бір күйге, толғанысқа толы екендігін жеткізді.Ұлттық кітапхананың Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, есуке алу кешіне шақырылған қонақтар «Ән төресі – Әсет» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені көріп, Әсет өмірін, композитор шығармашылығының жарқын сәттерін тамашалады.

Іс-шараға қатысқан музыка зерттеуші Пернебек Момынұлы, жазушы Тұрсынбек Ешенқұлов, Қазақстанның енбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, эстрада әншісі Ә.Айнақұлова, Әсет Бейсеуовтың бауырлары Амангелді,  Бөбіш Бейсеуовтер, баласы Данияр Бейсеуов, немерелері, музей қызметкерлері, студенттер, т.б. қатысып комзозитор өмірінің шуақты да, көркем шақтарын еске алды.

Бүгінде композитордың «Алмалы Алматым», «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Армандастар», «Жайықтан қайтқан тырналар» және т.б. туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енуімен қатар, әнсүйер қауымның жүрегіне терең бойлаған.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ