Алматыда кассирді танысы пышақтап кетті
Қысқа сілтеме алу
Жанармай бекетінің кассирін пышақтап, 40 мың теңгемен ізін суытқан қаскүнем алысқа ұзамай қолға түсті
НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Алматыда жанармай бекетінің кассирін пышақтап, кассадағы ақшаны қолды қылған. Бірақ алысқа ұзамай ұсталды.
Құлқынын ақша тескен қаскөй кассирдің жақын танысы екен. Бекет қызметкері жапа шеккен әріптесінің әрекетін өзінше түсіндіруге тырысты.
«Ана кісіден тамақ сұраған. Ол сосын тамақ жылытып берген. Кінәсі сол», — дейді жанармай құю бекеті қызметкері Қарлығаш Шайдарова.
Бірақ полицияның мәліметі басқа. Сақшылар кассир мен қаскөйдің бөтелкелес болғанын айтады. Сол күні екеуі әдеттегідей арақ ішкен. Сол жерде күдікті танысынан ақша сұрапты. Ал қарызды ала алмаған соң тамағынан, шүйдесінен екі мәрте пышақ сұққан, деп хабарлады КТК.
Тағы оқыңыз: Алматы дүкендерін тонаған қырғызстандық ұсталды
40 мың теңгемен ізін суытқан күдікті ұсталып қамауға алынды. Ал оңбай жараланған кассир ауруханада жатыр. Ақ халаттылар 54 жастағы азаматтың бір ажалдан аман қалғанын айтады. Өйткені пышақ күре тамырына бір миллиметр ғана жетпей қалыпты.
«Бізге ауыр жағдайда келіп түсті. Шұғыл түрде ота жасадық. Қазір жағдайы қалыпты. Бір аптадан соң үйіне жібереміз», — деді хирург Арсен Семенов.
sputniknews.kz