Алматыда Ескендір Хасанғалиевтің жеке музей бұрышы ашылды
Алматы қаласының мемлекеттік архивінде ҚР халық әртісі, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне музей бұрышы ашылды. Онда отбасы табыс еткен композитордың өмірі мен шығармашылығына байланысты 100-ден астам құжат пен экспонат қойылды.
Іс-шараға Алматы қаласының мәдениет басқармасы, белгілі зиялы қауым өкілдері, Ескендір Хасанғалиевтің отбасы, туған-туыс, жақын достары мен жас өнерпаздар қатысты.
«Архив – бұл халықтың рухани байлығы мен мәдени мұрасын сақтайтын, болашақ ұрпаққа мирас ететін маңызды буын. Бүгін Алматы қаласының архиві Ескендір Хасанғалиевтің жеке қорынан алынған бағалы құжаттармен және заттармен толықтырылды. Біздің ортақ міндетіміз – туған жерге және өз халқына деген сүйіспеншілікті бейнелейтін композитордың шығармаларын сақтау және насихаттау», — деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
ҚР Халық әртісінің жұбайы Дарико Хасанғалиева композитордың шығармашылығы мен еңбегі халыққа тиесілі екенін жеткізді.
«Ескендір Өтегенұлының шығармашылығы мен еңбегі халыққа тиесілі. Енді қазақстандық эстрада аңызының қолжазбалары, наградалары, фотоальбомдары, сыйлықтары, кітаптары, ордендері мен медальдары осында сақталады, өскелең ұрпақ қажет болған жағдайда таныса алады. Отбасымыздың атынан музей бұрышын ашу жөніндегі осы игі бастаманы қолдағаны үшін барлығына алғыс білдіремін», — деді Дарико Хасанғалиева.
Әйгілі әншi, композитор, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ескендір Хасанғалиев 2021 жылы коронавирустан қайтыс болды.
Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында туған. 1959 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хор фaкультетiн, 1978 жылы әл-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітірді. Өмірін өнерге арнаған Хасанғалиевтің «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» әндерін білмейтін қазақ жоқ.