Алматыда бір топ белсенді блогер Ахметованы Қазақстанға экстрадицияламауды сұрады

0

8 қаңтарда Алматыда бір топ белсенді Тәуелсіздік монументі алдына жиналып, әуелі ұшақ апатына байланысты украин халқына көңіл айтты. 8 қаңтарда таңертең Тегеран әуежайы маңында «Украина халықаралық әуе желісі» компаниясына тиесілі Boeing 737-800 ұшағы құлап, кемінде 176 адам қаза болған.

Бұдан соң жиналғандар Украина билігіне үндеу тастап, Киевте тұрып жатқан қазақстандық блогер Жанна Ахметованы Қазақстанға экстрадицияламауды сұрады. Олар блогерді еліне қайтарған жағдайда «қуғын-сүргін күтіп тұрғанын» айтты. Кейбір белсенділердің қолында «Жанар Ахметованы экстрадициялау — Қазақстан билігі жендеттерінің саяси тапсырысы», «Жанар Ахметованы бермеңдер» деген жазуы бар плакаттар болды.

Белсенділер қазірдің өзінде «Қазақстанда пікірін ашық айтып жүрген адамдарды қудалау» жүріп жатқанын айтты.

— Қазақстан өзін демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет деп атағанмен шын мәнінде біз мұны көріп отырған жоқпыз. Сәл белсенділік таныта бастасақ болды, бізді қамай бастайды. Міне, бүгін шыққан адамдардың көбін 15 тәулікке қамайды, — деді белсенді Асхат Жексебаев.

Ол қала ортасында көп уақыттан бері «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп келеді.

Бұдан соң жиналғандар «Экстрадицияны тоқтат!» деп айқайлады.

Бұл жерге сәлден соң Бостандық аудандық прокуратурасы мен қалалық әкімдік өкілдері келіп, жиналғандарға «жиынның заңсыз екенін» ескертіп, тарауын сұрады. Бірақ белсенділер тараған жоқ.

Қазақстан билігінен қуғын көргенін айтқан бірнеше жылдан бері Киевте тұрып жатқан қазақстандық блогер Жанар Ахметова бірнеше сағат бұрын Facebook-тағы парақшасында Қазақстан билігінің «алаяқтық» ісі бойынша өзін Украинадан сұратып жатқанын хабарлаған.

Қазақстан билігі бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.

Алматыда тұрған және пробациялық бақылауда болған Жанар Ахметова 2017 жылы наурызда Украинаға кетіп қалып, сол елден саяси баспана сұраған. Ол Қазақстаннан «саяси себеппен қуғынға ұшырағандықтан» қашып кеткенін айтқан еді. Украинада жүріп ол әлеуметтік желілерде Қазақстан билігі туралы сыни жазбалар жариялаған.



Azattyq