Алматыда алаңда қалғандарға прокуратура мен әкімдік өкілдері келді. Полиция бірнеше адамды ұстады

0
2542

13 ақпанда күндіз Алматының Республика алаңында қалған ондаған адамға жергілікті прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, шараның «заңсыз» екенін ескертіп, тарауды сұрады.

Полиция демонстранттарға дүкеннен тамақ әкелуге кеткен үш әйелді ұстаған. Олар Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Алаңдағы наразылар оларды босатуды және алаңға әкелуді талап етті. Ал прокуратура өкілдері наразылар митингіні тоқтатса, демонстранттардың талабын орындайтынын жеткізген.

Күндізгі 4 жарым шамасында ұсталған үш адамның босатылғаны хабарланды. Прокуратура өкілдері жиналғандарға өздерімен бірге прокуратураға барып, талаптары жазылған өтініштерін тапсыруды ұсынған. Жиналғандар келіскен.

Жексенбі түсте Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап етті. Кейбір президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан. Бірнеше сағатқа созылған шарадан кейін наразылардың бір бөлігі тарап кеткен. Ал алаңда қалған ондаған адам палатка құрып, наразылықты жалғастыруға оқталған еді. Көп ұзамай оларға құқық қорғау орган өкілдер келді. Аумақта полиция көбейіп, автозактар байқалған.