Алматыда 26 оқушы коронавируспен ауырған

Алматы қаласының білім басқармасы қанша мектеп оқушысының коронавирусты жұқтырғанын айтты.
«Бірінші тоқсанда коронавирустық инфекциямен ауыратын балалардың саны 26 болды, оның екеуі әдеттегідей оқытылды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ата-аналар мен заңды өкілдер балаларды кезекші сыныптарға оқуға жіберу кезінде балалардың қоғамдық ортада оқитынын түсінуі керек. Ата-аналар тарапынан коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет», — деді брифинг барысында Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өзінің қаулысымен екінші тоқсаннан бастап кезекші 1 — 5 сыныптарға жұмыс істеуге рұқсат берді.
Бірінші тоқсанда 1-4 сыныптарда кезекші топтар ашылды. Қаладағы 140 мемлекеттік мектептерде 985 кезекші сыныптар ашылды, оларда 12 928 бала оқыды. 56 жекеменшік мектептерде 585 кезекші сыныптар ашылып, оларда 7056 оқушы оқыды.