Алматы облысының әкімі Жамбыл облысы делегаттарын қабылдады
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығының құрметіне Жамбыл облысынан келген делегацияны қабылдады.
Облыс басшысы алдымен аграрлық-индустриалық саладағы өзгеріс-жаңалықтарды айтты.
Облыста қант қызылшасы алқабының кеңейгенін, Көксу, Ақсу қайта өңдеу кәсіпорындарының жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Тәтті түбір алқабы 16 мың гектарға жеткен. Бұрын облыс халқы тұтынатын шекердің 90%-і сырттан келетін. Бүгінде өз өніміміз сауда орындарында жыл бойы тұрады. Қант қызылшасын өсірушілерге техника және субсидия арқылы көмек көрсетіледі. Тұқым мен технологияны жақсартқанның нәтижесінде әр гектардан алынатын өнім көлемі артқан.
Сондай-ақ, облыс басшысы жүгері өсіруге көп көңіл бөлініп, гектар көлемі мен өнімді ұқсатудың жақсы жолға қойылғанын тілге тиек етті.
Бүгінде облыста жүгері өсіру 100 мың гектарға жеткен. Облыс басшысы «Туған жерге туыңды тік» бастамасы негізінде әлеуметтік нысандар салуға, елді экономикалық жағынан көтеруге мол мүмкіндік туғанын айтты.
Амандық Ғаббасұлы коронавируспен күрес, дәрігерлерге арналған «Аялы алақан» ескерткішінің ашылуы жайлы да толық ақпарат берді.
Алматы облысына келген қадамдарыңыз құтты болсын! Жамбыл облысымен біздің өңіраралық байланысымыз бұрыннан қалыптасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің облыс Таразда мәдени күндерін өткізсе, бүгін, міне, өздеріңіз өнер көшін Жетісуға әкеліп отырсыздар. Екі өңірге де тән ортақ құндылықтар, ортақ шаралар бар. Жамбыл бабамыз екі облысқа ғана емес, күллі қазаққа ортақ тұлға. Бұған дейін жыр алыбының музейін жөндеуден өткізсек, мерейтой қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігі бұл нысанды қайта жаңғыртуды қолға алды. Жамбыл ауылын, көшелерін абаттандырдық, Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасап жаңарттық. 114 млн.теңге бөліп, 30 томдық кітабын шығардық. Осының бәрі облыс экономикасының жақсарғанының арқасында атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп келеді, — деді Амандық Баталов.
Кездесуде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Облыстағы жетістіктерін айтты. Қант қызылшасын өсірудегі екі облыс арасындағы байланысқа тоқталды. Жетісулықтарды қонаққа, рухани әріптестікке шақырды.
Жетісуға сапарымызды Жамбыл бабамызға тағзым етуден бастадық. Басына барып, дұға еттік, музейін тамашаладық. Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени музейін, Үшқоңырдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көрдік. Әсеріміз керемет. Жетісу өңіріне келген делегация құрамында 150-дей адам бар. Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараздың тарихының бір бөлшегін көрме ретінде ала келдік. Ән-жырымызды әкелдік. Жалпы екі өңірдің бір-бірінен үйренетін, бір-бірімен тәжірибе алмасатын бағыттары көп. Біздің өңірде қазір қант зауыты салынып жатыр. Биыл 6 мың га жерге қант қызылшасын ектік. Осындай шаруашылық жағынан болсын, өнер алмасу жағынан болсын, қос өңірдің өзара әріптестік байланысы нығая берсін, — деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.