«Қарақат» мектеп-студиясы дауға қалды. Аружан Саин мемлекеттік бюджеттің заңсыз бөлінгенін айтты

0
3943

Өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Әрбір балаға шығындарды төлеуді көздейтін қаржыландырудың жаңа әдісі 1 мамырдан бастап енеді. Заң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен әзірленді. Алайда Саиннің айтуынша, президент қол қойған реформаның жүзеге асуы ойдағыдай болмай отыр. Оған шенеуніктердің дұрыс жұмыс істей алмауы мен жасырын әрекеттер себеп дейді уәкіл.

Аружан Саин балалар мәселесін Facebook-тегі парақшасында көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Осы уақытқа дейін ArtSport.edu.kz сайтында 4000-нан аса қызмет көрсетуші тіркеліп, 5 мыңнан аса өтінім мақұлданған. Нәтижесінде, ата-аналарға спорт және шығармашылық бағыттағы 280 мың ваучер берілген.

«Мына жағдай мені прокуратура мен жемқорлыққа қарсы күрес комитетіне, мәдениет және спорт министрі мен Нұр-Сұлтан әкіміне жүгінуге мәжбүр етті», — деп жазды Саин.

Айтуынша, қыркүйек айынан бастап ArtSport.edu.kz порталының операторлары «лимит бітті» деп балаларды шығармашылық үйірмелерге тіркеуден бас тартқан. Оның үстіне, барлық дерлік әкімдіктер балаларға арналған жобаға жеткіліксіз көлемде ақша бөлген. Осы орайда Аружан Саин Үкіметпен, мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп, аталған проблеманы шешуге тырысуда.

 

«Бюджетті ұлғайтуды, оның мәслихатта мақұлдануын талап етіп жатырмыз.

Бірақ жүйеден көргеніміз, елордада бюджет мәдениет басқармасының шенеуніктерімен қолдан жабылған. Белгілі бір қызмет ұсынушыларға бала қажет болғанда ашылған. Мысал келтірейін!

3 қараша күні мемлекеттік тапсырыс операторы лимитті аз уақытқа (шамамен 1 сағатқа) ашқан. Осы уақыт ішінде өте көп бала бір мекемеге, атап айтсам,  «Айсұлтан art» ЖШС-ға («Қарақат» мектеп-студиясына) тіркелген. Бұл туралы басқа қызмет ұсынушылар WhatsApp-чатында жаза бастады. Дәлел ретінде аталған студияның ата-аналарға жіберген хабарламалары жіберілді. Онда ата-аналарға дәл 3 қараша күні сағат 9-да ArtSport.edu.kz жазылудың ашылатыны хабарланған», –  дейді Саин.

Деректі растау үшін Аружан Саин порталдың техникалық көмек көрсету қызметін қолданып, сол күні небәрі 30 минуттың ішінде «Айсултан art» ЖШС-ға 564 баланың тіркелгенін анықтады. Сол сияқты, 4 қараша күні 2 сағаттың ішінде тағы 107 бала қосылып, жалпы 742 балаға жеткен.
Осыған ұқсас жағдай Ақтауда орын алған.  «МартаАрт» изостудиясы ата-аналарға хабар беріп, 1-2 сағаттың ішінде балаларды тіркеп үлгеруді өтінген.

«Бұдан шығатын қорытынды, шығармашылық мемлекеттік тапсырыс операторлары (Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасы) реформаны жүзеге асыруға қолдан кедергі келтіріп, қаржыны белгілі бір жеткізушінің пайдасына бөлуге ықпал етуде», – дейді Саин.

Аружан Саин тиісті органдарға хабар беріп, аталған фактіні тексеруді өтінді. Құқық бұзушылық расталған жағдайда, кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.

«Балалардың қажеттілігіне адекватты көңіл бөлінбейтіні өкінішті. Мысалы, 375 мың бала тұратын Нұр-Сұлтан әкімдігі биыл спорт секцияларына небәрі 400 млн теңге, ал шығармашылық үйірмелерге небәрі 142 млн теңге бөлген. Мүлдем сәйкес келмейтін сандар ғой. Осындай мардымсыз бюджеттің өзінде бұрмалаушылықтар орын алып отыр», – деп ашынды Аружан Саин.