Алматы облысында үйі өртенген 6 балалы отбасы далада қалды

0
83

Алматы облысында жеке тұрғын үй өртеніп, алты баласы бар отбасы далада қалды. Оқиғаның болғанына бір апта өтсе де, паналайтын орын таппай жүр. Әзірге туыстарының үйін паналап жүр. Әкімдіктегілер көмектемесіз деп уәде берген екен. Алайда, әлі үнсіз отыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші» арнасы.

Алты баланы асырап отырған отбасының аядай баспанасы бір мезетте өртке оранған. Оқиға түнде болғандықтан,  тәтті ұйқыда жатқандар әуел баста сезбей қалыпты. Өйткені алдымен баспананың шатыры жана бастапты. Ал тілсіз жауға оранғанын көрген ана ең алғаш перзенттерін үйінен алып шығуға тырысқан екен.

«Өзім ұйықтап қалған едім, шатыр-шұтыр дегеннен ояндым. Сөйтсем, үйімнің төбесі өртеніп кетіпті. Терезені ашып қарасам, үйімнің шатыры толық жанып кеткен. Үстілеріне бір-бір киім кигізіп қызым бәрі ұйықтап қалған ғой, енді. Киімдерін кигізіп, алып шықтық», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Айгерім Талқанбаева.

Қазіргі уақытта көп балалы отбасы туыстарын палалап отыр. Алайда бір аптаның ішінде сыйыспай жатқандарын жеткізді. Оқиғадан кейін әкімдіктегілер уақытша баспана жағын қарастырамыз деген екен. Бірақ әлі күнге дейін мәселені шешпеген. Ұсынған баспаналарының бағасын қалта көтермейді, енді біріне құрылыс жұмыстарын жүргізу керек.

«60 мың теңге, өзіңіз төлеп тұрасыз деді. Менің 60 мың теңгені төлейтін жағдайым жоқ. Көпбалалы ретінде жәрдемақы ғана алып отырған адаммын. Күйеуімнің 55 мың айлығына қарап, соған күн көріп отырған адамбыз. Мені баспанамен қамтамасыз етіп, анау жалға беретін үйде  кезекте тұрмын, көп балалы ана ретінде, соған мені кіргізіп, жылжытып беріңіздер дедім», – дейді Айгерім Талқанбаева.

Жанын шүберекке түйіп отырған отбасы қазір артық шығын ауыр екенін айттады. Сонымен қатар жалға берілетін пәтерлердің қожайындары да бала санын естігенде бірден бас тартады екен. Ал ауылдық әкімдіктегілер жақын уақытта жақсы жаңалық болады деп сендірді.

«Бір-екі нұсқалар бар болған, дайын кезде. Кейбір жерлердің бағасы қымбат болады. Кейбір жерлерде жағдай жоқ. Бірақ қазіргі таңда біз жақсы бір нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Бұл кісі өзі осы Талдыбұлақ ауылында талап етіп жатыр. Біз сол қазір Талдыбұлақ ауылының ішінен іздестіріп жатырмыз», – деді Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәден Бақтыбаев.

Сонымен қатар әкімдік өкілдері жалға берілген пәтердің жарты жылының ақшасын төлеп беретінін айтты. «Ал, кезекте тұрған үйді қазір алып беру біздің құзыретімізге кірмейді» деп жауап берді.