Алматы облысында төрт ауыл кредитке су ішіп отыр

0
31

Алматы облысының Панфилов ауданында 4 бірдей ауыл несиеге су ішіп отыр. Қағыс естімедіңіз, кредитке!

Осыдан 5 жыл бұрын Ақжазық, Лесновка, Педжим және Алмалы ауылдарына бюджеттік несиемен 1,2 млрд теңгеге ауызсу жүйесі тартылған болатын. Қаржы Ұлттық қордан бөлінгенімен, ол халық есебінен 20 жылда қайтарылуы тиіс екен. Мұны естіген тұрғындардың төбе шашы тік тұрып, наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қайрат Дулатбаев, Ақжазық ауылының тұрғыны:

Ішсең, мына тамағыңды қырып кетеді ғой. Осы судан мысалы, ауру болып жатырмыз. Біраз адамдар қуығынан операция жасап келіп жатыр, естіп жатырмыз. Мына судың сапасы өте нашар.

Ақжазықтағы ауызсудың сапасына сын көп. Кермек дәмі бар. Оның үстіне ыдыстың түбіне тұнба тұнады. Сүзіп ішейін десе, сүзгілердің өзі ұзаққа бармай істен шығатын көрінеді. Енді, сол ішкен суымыз – судай болмаса да, бағасы удай қымбат болғалы тұр. Осылай деп ашынған ауыл халқы тіршілік нәрін несиеге тартқанын бүгінге дейін білмеген. Арада 5 жыл өткесін ғана естіп, шалқаларынан түсе жаздаған.

Жанболат Шалақазақов, Ақжазық ауылының тұрғыны:

Мынандай болатын болса, даже көрші-көршіге дәретке су бере алмаймыз, шынды айтсақ. Даже тарифі қымбат, 174 деп арыз жазғанбыз аудан әкіміне. Сол кезде білдік біз, бұл 20 жылға кредит алып, салынған екенін. Оған дейін біз білмедік. Ауыл білмеді. Енді, мыңға қоятын болса, онда бәрін жинап, өзіміздің ескі колонкамызды шығарып берсін. Сол жақсы еді, негізі, таза еді.

Әлтай Кәшкеев, Ақжазық ауылының тұрғыны:

900-1000 теңгеге жуық дегенді әркімнің қалтасы көтермейді ғой оны. Мысалы, мен айына 1500-2000 тг төлесем, он еселенсе, 20 мыңға шейін барады ғой. Мен өз басым қалтам көтермейді оны.

Жалпы, өңірдегі 4 ауылдың ауызсу жүйесін ретке келтіруге Ұлттық қордан 1,2 млрд теңге бөлінген. Соның 178 млн-ы осы Ақжазыққа су құбырын тартуға жұмсалыпты. Осы күнге дейін сол несиенің үстемақысын шығынға батса да, Панфилов су құбыры мекемесі төлеп келген. Енді, жалпы қарызды қайтару абоненттер есебінен жүргізілмек. Соған байланысты, тарифті көтеруге ұсыныс берілген.

Нәзира Қасенқызы, «Панфилов су құбыры» МКК бас экономисі:

Қазіргі күнге 3 ауылдың соммасына өтінім бердік Антимонопольный комитетке. Ақжазық ауылы 996 теңге, Лесновка ауылы 918 теңге. Педжим ауылы 446 теңге 1 куб суға өтінім жіберілді. Лесновка мен Ақжазық кішкентай ауылдар болғандықтан, объем аз болғандықтан, тариф те қымбат болып тұр.

Бақтияр Бақытжанұлы, Алматы облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

Өтінім келіп түсті, «Панфилов су құбырынан». Бұл тарифтерді қалыптастыру қағидасына сәйкес, 90 жұмыс күні ішінде қаралады. Департамент тарапынан нақты шешім қабылданған жоқ. Алайда, осы халық санаты үшін 2021-жылдың аяғына дейін тарифтің жоғарылауы жоспарда жоқ. 2022-жылға өтінім келіп түскен жағдайда, сол бойынша нақты зерделеніп, шешім қабылданады.

Айта кетсек, 4 елді мекенге тартылған ауызсу құбыры мен жабдықтары келісім-шарт негізінде қазір кепілдікте тұр. Егер, ақша қайтарылмаса, несие беруші тарап барлығын алып кетуге құқылы екен.

Арман Тазабеков, Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Бюджеттік кредитования бағдарламасымен салынған. Механизм бойынша, 20 жылда салынған ақшаны біз бюджетке қайтарып беруіміз керек. Келесі жылдан бастап бұл ақшаны тарифпен қайтарылады деп есептелген болатын. Алайда, басқа ауылдармен салыстырғанда көп шығып отыр. Бұл бойынша, наразылықтар, түсінбеушіліктер болып отыр. Ол мәселені болашақта қарастырып, шешеміз.

Дәмі кермек татығандықтан тұрғындардың көбі тіршілік нәрін осылай ескі ұңғымадан, бастаулардан тасып, ішіп отыр. Ал, үйдегі суды тек кір жуып, малға беруден басқа амал жоқ. Бағасына сапасы сай болса, бір сәрі еді, – дейді ақжазықтықтар.