Алматы облысында «шетелдіктермен төбелесті» деген бес адамның соты басталды
20 желтоқсанда Алматы облысы Ақсу аудандық сотында «Citic Construction» компаниясының Қытайдан келген жұмысшыларымен төбелесті делінген Қызылағаш ауылының бес тұрғынының соты басталды. Оларға Қылмыстық кодекстің «қару я суық қару қолданып денсаулыққа зиян келтіру» (293 баптың 3-тармағы) бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сотқа қатысып жатқан белсенділердің айтуынша, сотқа өте көп адам келгендіктен, сот залына сыймай қалған. Істі судья Жадыра Зарықпаева қарап жатыр. Құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Ғалым Агелеуовтың Азаттыққа айтуынша, сот отырысының басында адвокаттар бірнеше өтініш түсірген.
— Бірінші өтініш айыпталушыларға бұлтартпас шараны өзгертумен байланысты. Қорғау жағы оларды қамаудан үйқамаққа жіберуге немесе кепілмен босатуды сұрап отыр. Бұған қоса, адвокаттар сурет пен видео түсіруге рұқсат беруді және қылмыстық істі ықшамдалған жағдайда жүргізуді сұрады. Қазір судья шешімін күтіп отырмыз, — деді Ғалым Агелеуов түс кезінде.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2019 жылдың 8 қазан күні Қызылағаш ауылының бес тұрғыны Қытайдың жиырма шақты азаматын соққыға жығып, оның 11-і жеңіл, үшеуі орта деңгейде жараланған.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – «Citic Construction» компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.
Департаменттің мәліметінше, «келесі күні жергілікті тұрғындар мен «Citic Construction» компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары «істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан». Этникалық қазақпен төбелескен Қытай азаматтары әкімшілік жазаға тартылып, 10 күнге қамалған. Кейін олардың елден шығарылғаны да хабарланған. Тексеріс кезінде «Сitic Constraction» компаниясында 33 шетелдік заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған.
Қараша айының ортасында Алматыда жиын өткізген бір топ құқық қорғаушы мен белсенді шетел жұмысшыларының әкімшілік жазамен ғана құтылғанын, ал жергілікті жұмысшылардың қылмыстық іс қозғалғанына наразылық білдірген. Алматы облыстық полиция департаменті Қытай азаматтарына не үшін әкімшілік жаза қолданылғанын, ал Қазақстан азаматтарына қылмыстық іс қозғалғанын нақты түсіндірмеді.
Бұған дейін де Қазақстанда жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында жанжал болған. Маусымның соңында Атырау облысы Теңіз кенішінде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы төбелестен, ресми дерек бойынша, 40 адам зардап шеккен.
Оқи отырыңыз: Билік шетелдік жұмысшылармен болған жанжалдың себебін айтпады
12 тамызда Қарағанды облысы Жәйрем тау-кен комбинатында жергілікті тұрғындар мен шетелдік жұмыстар төбелесіп, «бірнеше адам жеңіл жараланған». Қазақстан екі билігі екі төбелесті де «тұрмыстық жанжал» деген.