Алматы облысында қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті
Күдіктілер қамауға алынды.
Алматы облысының тәртіп сақшылары бірнеше дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Топ құрамында төрт азамат болған. Олар қаңтар айынан бері Қарасай ауданында қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырған. Ұсталғандардан қару, бетперделер және арнайы бөлімшелерге арналған айрықша белгілері жоқ киімдер тәркіленді.
«Күдіктілердің жеті қарақшылық дерегіне қатысының барлығы дәлелденді. Олар кешқұрым дүкендерге қарақшылық шабуыл жасап, сауда нүктелерінің табысын әкетіп отырған. Кәсіпкерлерге келтірілген материалдық шығынның сомасы шамамен 500 мың теңгені құрайды. Күдіктілерден тәркіленген шолақ тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, сондай-ақ киімдер айғақзат ретінде іс материалдарына тіркелді. Аудандық соттың санкциясына сәйкес екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды»,- деп хабарлап отыр Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық полицияның ақпаратына сәйкес, күдіктілердің өңірде болған өзге де қылмыстарға қатысы анықталуда. Тәркіленген шолақ мылтық сараптамаға жолданды.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz