Алматы облысында мектеп мұғалімі жоғалып кетті
Алматы облысында мектеп мұғалімі жоғалып кетті. 45 жастағы Әсем Аталықованы әріптестері мен отбасы 4 күннен бері іздеп, таппай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әсем Бейсенқызы Кербұлақ ауданының Қосағаш ауылдық орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 3 баланың анасы мектепте бастауыш сыныптарға және орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жоғары сынып оқушыларына сабақ берген. Анасын шарқ ұрып іздеп жүрген Ерболат Бекқасымның айтуынша, әкесі де Қосағаш ауылындағы мектепте бейнелеу, сызу және еңбек пәндерінен сабақ береді. Ерболат анасы еш хабарсыз кетіп қалатындай, отбасында ұрыс-керіс болмағанын айтады.
«Анам Әсем Бейсенқызының бойы 160 см, толықтау келген. Әкем екеуі жексенбі күні, 25 қазанда Талдықорғандағы орталық базарға барып азық-түлік алған. Одан кейін әкем үйге, анам Алматыға қарай шықпақ болған. Анамның сіңілісі Іле ауданындағы Өтеген батыр кентінде тұрады. Соған бармақ болып жолға шыққан. Алайда анамның телефоны Талдықорғандағы Желтоқсан көшесіне келгенде сөніп қалған, содан бері хабарсызбыз. Ешқандай мәлімет жоқ. Үйде үш ұлмыз. 10 жастағы кенже ініме өте қиын болып жатыр. Анамның бойында ешқандай ауытқу, өзге де психикалық ауруы жоқ. Мен анамды іздеу үшін Ақтаудағы әскери қызметімді тастап, осында келдім. Көрген-білген адамдар болса хабарын берсе екен», — дейді Ерболат Бекқасым.
Төрт күннен бері табылмай жатқан Әсем Аталықова 1975 жылы 6 маусымда Алматы облысында туған. Алматыға кетер кезінде үстіне қара күртеше киіп, басына қызғылт түсті орамал таққан. Әсем Аталықованы көрген-білген адам болса төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз: 8777-259-30-59 – Бекқасым Ерболат Ғалымбекұлы. 8771-575-94-45 – Аталықов Ғалымбек Бекқасымулы
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы