Алматы облысында кезекті «жалған террорист» ұсталды
Сот алды тергеу жүріп жатыр.
Алматы облысының полицейлері Панфилов ауданының 37 жастағы тұрғынын «жалған терроризм» жасады деген күдікпен тұтқындады. Бұл туралы Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Алматы облысының Панфилов ауданында тіркелді. 18 қаңтарда «102» арнасына белгісіз ер адам қоңырау шалып, Көктал ауылының әкімдігі мен жергілікті учаскелік пунктіне жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабырлаған.
«Аталған елді мекенге аудандық полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қажетті құрамы тартылды. Ауыл әкімдігі мен полиция пунктіне жақын орналасқан алты үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Шақырылған саперлар аталған нысандарды толығымен қарап, ешқандай жарылғыш зат таппады»,- деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Екі күн ішінде тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті 37 жастағы азаматты ұстады. Қазіргі уақытта күдікті азамат Панфилов ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
«Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің неге мұндай қылмысқа барғаны анықталатын болады»,- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де осындай оқиғалар Алматы облысының Қарасай және Панфилов аудандарында тіркеліп, тәртіп сақшылары күдіктілерді анықтаған болатын.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/