Алматы облысында браконьерлерден заңсыз мылтықтар тәркіленді

0

Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс тұрғындарына кез-келген қару түрін полицейлерге өткізіп, арнайы сыйақы алу мүмкіндігі берілді.

«Алматы облысының тәртіп сақшылары арнайы іс-шара барысында заңсыз аңшылықпен айналысқан үш азаматты анықтап, оларға әкімшілк хаттама толтырды. Олардан еш жерде тіркелмеген 2 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және құжаты бар 1 мылтық тәркіленді»,- деп хабарлайды zakon.kz, Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қапшағай қаласы және Балқаш аудандық полициясымен бірлескен рейдтер жүргізуде Балқаш ауданының 3 тұрғынына заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабына сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, саятшылық құрып, белсенді демалысты ұнататындарға еліміздің заңнамасын қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді, профилактикалық жұмыстар жүргізілді»,- деп атап өтті облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Айта кетейік, жыл басынан бері қару-жарақтың заңсыз айналымынан 146 мылтық тәркіленді. Аталған қару-жарақ баллистикалық сараптамадан өткізілген соң, оларды жою мақсатында балқытуға жіберіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында облыс тұрғындарына кез-келген қару түрін полицейлерге өткізіп, арнайы сыйақы алу мүмкіндігі берілді. Осы мақсатта 8 миллионға жуық қаржы бөлініп, жүз елуден астам қару сатып алынды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/