Көріпкелдер жорамалы: Украина жері талан-таражға түседі

0

Украина жолайрықта тұр. Өйткені келер жылы елде президенттік сайлау өтеді. Билік басына кім келеді? Тағы да Петр Порошенко ма, жоқ әлде басқа саяси тұлға ма? Бұл мәселе қазіргі кезде сарапшылардың қызу талқысына айналды. Негізі билік басына кім келсе де, Украинаның болашағы ең алдымен сол саяси фигураның ұстанған саясатына байланысты болмақ. Көптеген сарапшылар «Порошенконың орнын «Батьковщина» партиясының лидері Юлия Тимошенко ауыстыруы мүмкін» дегенді айтуда. Қалай таразыласақ та, үш айдан кейін – президенттік сайлау. Сарапшылар Тимошенконың президенттік таққа отыру мүмкіндігі жоғары десе, ал саясаттан алыс көріпкелдердің пікірі қандай? Олардың жорамалынша,  болашақта Украина қандай бағыт ұстанады, Ресеймен арадағы қатынас жақсара ма? Донбасс аумағы дербестік ала ма? Қырымды Украина өзіне қайтаруы мүмкін бе? Бұл сауалдар жалпы төрткүл дүниеде саясаттан хабары бар кез келген адам баласын толғандырып отырғаны анық. Ал, Украина туралы көріпкелдер не дейді?

Жұлдызға қарап, болжам жасайтын ресейлік танымал астролог Павел Глобаның ойынша,  «келер жылы Украинада саяси дағдарыс күшейе түседі, экономикалық жағдайдың күрделенуіне байланысты елде толқулар көбейеді. Жер планетасы Юпитердің ықпалында болуына байланысты елдің шығысында әскери қақтығыстар артады. Украина территориясы бөліске түседі. Олардың бірқатары Ресейдің құрамына өтеді. 2020 жылғы қайта сайлаудан кейін Ресеймен әріптестік күшейеді.  Укринаның еуропалық бөлігінде арнайы блок пайда болады. Ресейдің әлемдік аренада мәртебесі артады. ЕуроОдақ пен НАТО өмір сүруін тоқтатады. Юлия Тимошенко президент болады

Джулия Ванг. Донбасс аумағында таяу уақытта тыныштық орнайды. 2019 жылы Украинада билік басына жаңа президент келеді. Ол аймақтардың дербестік алуына мүмкіндік береді. Бұл жағдай нақты айтқанда, Украинада соғыстың тоқтауына алып келеді. Елде жағдай дұрыстала бастайды.
Василиса Ярославская. 2019 жылы билік ауысады. Халық лайықты лидерін таңдайды. Ресеймен дұрыс қарым-қатынас орнайды. ДНР мен ЛНР-дің басшылары Украинаның жаңа президентімен тіл табысады. Аталған екі аймақ автономиялық облыс статусына ие болады. Елдің оңтүстік-шығыс аймағында біртіндеп тыныштық орнай бастайды.

Михаил Левин.  Мәскеу астрономиялық академиясының негізін салушы Левин Донбастағы жағдай таяу мерзімде тұрақтала қоймайды деген пікірде. Бұл уақытта Украинадағы жағдай нашарлай түседі. Елде бірнеше рет мемлекеттік төңкеріс орын алады, бұдан халықтың тұрмысы жақсара қоймайды.

Сергей Шевцов-Ланг.  Парапсихологтың ойынша, Украина өзінің векторлық саясатын үнемі өзгертіп отырады. Базбір сарапшылар ресми Киев алдағы уақытта Ресеймен көршілік қатынасты жақсарта түседі десе, екіншілері  елдің саясатын батысқа бұрғысы келеді. Сондықтан әзірге елде тұрақтылық байқала қоймайды. 2019 жылы Донбаста әскери қақтығыс болмайды. Ал анығы, Қырым ешуақытта Украинаға қайта оралмайды.

Алена Зелибора. Украинаның оңтүстік-шығысындағы шиеленіс бірден дұрыстала қоймайды. Жаңа президент ЛНР мен ДНР басшылығымен жағдайды дұрыстауға  ұмтылады, Ресеймен сауда -саттық қайтадан басталады. Бірақ шығыстағы екі облыс Луганск мен Донецк Укрианаға қосылудан бас тартады. Бірақ жағдай қайтадан шиеленісе түседі, Киевте үкімет қайтадан ауысады, билік басына келгендер батысқа қарай бет бұра бастайды.

Влад Росс. Януковичтің көрші Ресейге қашып кететінін, Майданнан кейін үкімет басына келген Яценюк командасының көп ұзамай ауысатынын болжаған көріпкел Украинада жағдай біртіндеп жақсара бастайтынын айтады. Халықтың тұрмыс деңгейі алдағы бес-алты жылда поляк және чех халқымен шамалас болады. 2023 жылдан бастап, Ресеймен арадағы текетірес жойылады, қарым-қатынас жақсара бастайды.

Ион Игнатенко. Одессалық көріпкел осыдан біршама уақыт бұрын қайтыс болып кетсе де, елдің оңтүстік-шығысында соғыс болатынын алдын ала болжап болжаған. Ол 2019 жылдың ортасынан бастап, Ресеймен жағдай жақсара бастайтынын айтқан. Оның ойынша, жақын уақытта  үшінші дүниежүзілік соғыс болмайды.  АҚШ-та дефолт орын алады, бірақ ол сынақтан Америка қиналмай өтеді. АҚШ, Ресей және Украина арасында дұрыс саясат орнайды, 2025 жылдан бастап,Украина гүлдене бастайды. Ресейдегі билік ауысқан соң, Киев Мәскеумен қатынасты жақсартады. Украина абыройлы мемлекетке айналады.

Орест Стафийчук. Донецк мен Луганск аймағында тыныштық орнайды. Қырым қайтадан Украинаның құрамына кіреді. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Бірнеше жыл өткеннен кейін қырымдықтар таңдау жасап,  қайтадан Ресейге қосылады.

Шаман Тува, Украина геосаяси егестің орталығына айналады. Басты дау – Қырым Республикасы. Жарты аралда екі алып күш иесі текетіреске түседі. Жеңімпаз бүкіл әлемді билейтін болады.

***

Әрине, көріпкелдердің болжамы әртүрлі. Нақты сену қиын. Қисынға келетіні, тіпті келмейтіні бар. Қалай десек те, Мәскеудегі билік ауысқан соң, біраз нәрсе өзгеретін сияқты…

«Қамшы» сілтейді