Алматы облысында балмұздақ алуға шыққан бір үйдің екі қызын көлік қағып мерт қылды

0

Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға шыққан бір үйдің екі бірдей баласын көлік қағып мерт қылды. 14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешқұрым уақытта жолдың арғы бетіне, жаяу жүргіншілерге тиесілі емес жерден өтпекші болған. «Мерседес» мінген ер адам қыздарды қатты жылдамдықпен келіп соғып, бірнеше метр жерге ұшырып жіберген. Екі бала оқиға орнында жан тапсырған, — деп хабарлайды Kznews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жантүршігерлік апат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы «Алтын адам» аллеясында болған. 14 жастағы қыз бен оның төрт жасар сіңлісі жолдан өтіп бара жатқан. Көлік қатты жылдамдықпен балаларды қағып кеткен. Бұл жерде бағдаршам, жаяу жүргіншілер өткелі немесе жылдамдықты тежеу туралы ескерту белгісі жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, марқұмдар үйдің жанындағы дүкеннен балмұздақ алып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпекші болады. Алайда көлік қатты жылдамдықпен келіп қаққан. Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеткенімен, қыздарды аман алып қала алмадық дейді.

фото: massaget.kz