Алматы облысында әкім пара алды деген күдікпен ұсталды
Алматы облысында Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешов ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер Талғар ауданының әкімі пара алды деген күдікке ілінгеін айтты.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев ТКШ бөлімінің басшысы мен орынбасарымен бірге ұстағаны хабарланған болатын. Шенеуніктер «мердігер ұйым директорынан орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 10 миллион теңге пара алды» деген күдікке ілінген.
«Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты пара алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Талғар ауданының әкіміне қатысты тергеу соты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеудің өзге де деректері жария етілмейді», — деді агенттіктегілер.
Ал Алматы облысының әкімдігі ресми сауалымызға Серікжан Ерекешев қызметінен босатылмағанын хабарлады.
Еске салайық, Серікжан Ерекешев Талғар ауданының әкімі болып былтыр тамыздың ортасында тағайындалған болатын.