Алматы облысында 20 жастағы әйел тасжолда босанып қалды

0

Алматы облысында жүкті әйел тасжолда босануға мәжбүр болды. Дәл қазір сәбидің жағдайы қанағаттанарлық, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, кеше Алматы облысының «Күрті» трассалық медициналық-құтқару пунктіне сағат 14.40-та 20 жастағы жүкті әйел көмек сұрап барған.

«Трассалық пункт фельдшері жүкті әйелді қарай бастаған сәтте оның толғағы басталып кеткен. «Күрті» дәрігерлері сол жерде әйел адамды аман-есен босандырып алды. Құтқарушы-медиктердің сөзінше қыз бала дүниеге келген. Баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қазіргі уақытта босанған әйел мен бала Алматы облысы Іле ауданының орталық ауруханасына жеткізілді», — делінген хабарламада.

Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында бала мен ананың өміріне қауіп төнбегені айтылады.