Алматы облысында 186 тұлға ауылдық округ әкімі болуға өзін-өзі ұсынды
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-бабына сәйкес 2021 жылғы 25 шілде де ауылдық округтер әкімдерін сайлауы өтеді. Заңдағы жаңа басымдылық аясында ауыл әкімін бұқараның таңдауы Алматы облысының 71 округінде өткізіледі.
Барлығы сайлауда 17 аумақтық және 198 учаскелік сайлау комиссиялары, 1451 сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 221672 адамды құрайды.
279 тұлға ұсынымдарын жіберіп үлгерген. Оның ішінде 93-і саяси партияның өкілдері болса, 186 азамат ауылдық округті басқаруға қауқарлымын деп, өзін-өзі ұсынған. Айта кету керек, Ақсу, Алакөл, Кеген, Кербұлақ, Панфилов аудандарына қарасты ауылдық округтеріне әкім болып сайланамын деушілер өзін-өзі ұсынған.
Кандидаттар арасынан 243-і талапқа сай келсе, 16 тұлға саяси бәсекеден шет қалды.
«154 үміткер жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Оның ішінде 35 үміткер қайта сайлану арқылы дауысқа салынады. Орташа бәсекелестік – 3,9 адам. Барлық округтерде үміткерлердің саны 3-тен көп. Ең көп үміткер тіркелген аймақ, Іле ауданы Чапаев ауылдық округі. Мұндағы кандидаттардың саны 9-ы құрап отыр»,-дейді Алматы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.
Республикалық бюджеттен әрбір кандидатқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 220 мың теңге қаржы бөлінеді. Көрсетілген сома БАҚ-та жариялау, үгіт материалдарын шығару, көлік шығындарын өтеуге жұмсалатын болады.
Сайлауға түсуші тұлғалардан ұсыным қабылдау 9 шілде күні мәресіне жетеді. 14 -24 шілде аралығында үгіт жұмыстары жүргізіледі. Ал, 25 шілде де сайлау өтетін болады. Осылайша 71 округте су жаңа әкім мемлекеттік қызметтің тізігінін қолына алады.
Айта кетейік, Райымбек ауданы мен Талдықорған және Қапшағай қалалары маңындағы округтердің басшыларының қызметтік мерзімі аяқталмағанына байланысты, осы аймақтарда ауылдық округтер әкімдерін сайлауы өткізілмейді.