Алматы облыстық мәслихатында аутистік спектрдің бұзылуы бар балалардың білім алу бойынша құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесі қаралды

0
76

Алматы облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Онда аутистік спектрдің бұзылуы бар балалардың білім алу бойынша құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесі, аутистік спектрдің бұзылуы бар және «Цилиакия» диагнозы бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мемлекеттік қордан тұрғын үй беру жолымен аудан орталықтарында және ауылдық округтерде медицина қызметкерлерін қолдаудың тиімді жүйесін құру, медицина қызметкерлерінің тапшылығы және «қоғамдық медицина» мамандығы бойынша оқуға бөлінетін гранттардың санын арттыру туралы мәселелер қозғалды.

Басқосудың модераторы, комиссияның төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Римма Салықова алғашқы сөзді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқызына берді.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Қамқорлық» бағыты бастамасымен облыста аутизм және басқа ментальді бұзылулары бар балаларға арналған орталық ашу жоспарланып отырғандығын айтты. Орталықты құру, ғимарат беру, жөндеу, күтіп ұстау, жергілікті бюджет есебінен іске асырылады.

Бүгінде облыста 521 аутизмі бар бала анықталған. Оның ең көбі, яғни, 175-і Талдықорған қаласында. Марат Мұратқызы аутизм және басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға күндізгі орталық құру балаларға кешенді көмек көрсету, әлеуметтік бейімдеу дағдыларын тұжырымдауға мүмкіндік беретінін сөз етті. Орталықты ашудың мақсаты – аутизм және басқа да ментальді бұзылыстары бар балалардың ата-аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуге негізделген.

Орталыққа эрготерапевт, кинезиотерапевт және мінез-құлық талдауы, сенсорлық интеграция, балама коммуникация бойынша жаңа мамандардың қызметтерін енгізу жоспарлануда. Комиссия отырысында облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова сөз алып, аутистік спектрдің бұзылуы бар балалардың білім алуы бойынша құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өңірде 12 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы бар. Сондай-ақ, 22 психологиялық түзету кабинеті жұмыс жасайды. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде коррекциялық көмекпен 3 482 бала қамтылған. Ерекше білім берудің қажеттілігі бар балаларды толық инклюзивті біліммен қамту мақсатында қосымша 365 штат бірлігіне қажеттілік туындаған. Сырқат балаларды оқыту үшін арнайы ғимараттар керек.

Мысалы, 12 педагогикалық консультацияның 3-нің ғана меншігінде ғимарат бар. Сондай-ақ, 19 түзету кабинетінің тоғызына ғимарат керек.

Жаңыл Мағданқызы отырыста осы мәселелерді көтеріп, шешілуіне көп болып атсалысу керектігін айтты.

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков аутистік спектрдің бұзылуы бар және «Целиакия» диагнозы бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі туралы айтты. Бұл орайда облыста 2 балалар психиатриялық бөлімі ашылған. Талдықорғандағы бөлімде 15, Талғардағыда 15 төсек бар. Онда балалар жылына бірнеше рет келіп, ем-дом алады. «Целиакия» диагнозымен 63 бала есепте тұрады. Бұл кеселге шалдыққан балалардың ас-суы, тамағы өзгеше. Емдік тамақ ішпесе сырқат балалардың ас қорыту жүйесі бұзылады. Басқарма басшысының айтуынша, арнайы емдік ас сатып алуға бюджеттен 8,2 млн. теңге бөлінген.

Комиссия отырысында медицина мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын шешу жайы айтылды. Алдағы жылы облысқа 51 дәрігер келмекші. Соңғы үш жылда 490 маман келген. Олардың 35-не жалгерлік тұрғын үй, 15-не қызметтік пәтер берілген. Кейбіріне баспана алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік туғызылған.

Сондай-ақ, облыс әкімінің грантымен 107 оқушы медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда. Отырыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов сөз алып, жыл сайын вакцина мен медициналық иммундық биологиялық препараттарды сатып алуға және сақтауға республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен шамамен 4 млрд.теңге бөлінетінін жеткізді.

Баяндамашы бюджетті соңғы нақтылау кезінде целиакиямен сырқаттанған балаларға емдік тамақ алуға өтінім түспегенін жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта қосымша дәрі-дәрмекке өтінім берсе қаржы бөлу мәселесі комиссия отырысында қаралатынын айтты.

Жиында ерекше күтімді қажет ететін балаларға орталықтар ашу, тегін берілетін дәрі-дәрмек, емдік тағам алу, маманмен қамту мәселелерін бірлесе шешу жайы қаралды. Комиссия мүшелері тапшы мамандармен қамтамасыз ету, қайта оқыту, тәжірибе алмасу барысындағы ойларымен бөлісті.

Гүлжан ТҰРСЫН