Алматы облысының Панфилов ауданында әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда

0

Жетісудің оңтүстік-шығыс шегарасын алып жатқан Панфилов ауданында 131,2 мың адам тұрады. Өңірдің биылғы көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда қомақты деуге болады.

Атап айтқанда, 15,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіпте жұмыс істейтін 33 кәсіпорын өндірілген өнімнің жалпы көлемінің 62,0%-ын орындаған.

Ауылшаруашылығы мақсатындағы 332 986 гектар жерден алынған өнім көлемі 39,6 миллиард теңгені құраған. Осынша жердің ішіндегі 42 910 гектары егістікке тиесілі болса, жайылым жер көлемі 281 877 гектар, шабындық 5 956 гектар, көпжылдықтар 453 гектар, бос жерлер 1790 гектар. Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 11 267 тонна ет өнімі, 35,0 мың тонна сүт өнімі, 5617 мың дана жұмыртқа өндірілген. Ауылшаруашылығы дақылдары егілген 44529 гектардың 26586 гектарына жүгері өсірілген. Осы және өзге де көрсеткіштерді таныстырған Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев шырайлы Жаркент жері жұртшылығының басты ерекшелігін әңгімеледі.

– Сіз біраз ауданды басқарып, әрбір өңірдің дәмін таттыңыз. Жалпы қазақтың қай жері болсын қасиетті, киелі деп жатамыз. Сіздіңше Жаркент өңірінің табиғаты, халқының дүниетанымы қандай деуге болады?!

– Жалпы Жетісу жерінің топырағы құнарлы, халқы мейірбан, мамандары ықыласты келеді. Иә, рас, біраз ауданда қызмет етіп, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болдым. Атап айтсам, бұрындары Сарқан ауданын басқардым, Қаскелеңде әкімнің орынбасары, кеңшар директоры лауазымында жұмыс істеп, Талғар ауданында әкімдік міндетті атқардым. Салыстыруға болады. Әрине, әрбір жердің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ Жаркент өте керемет жер едім. Келешегі мол, болашағы жарқын өңір. Неге десеңіздер, Талғар, Іле, Қарасай аудандарының әлеуеті бүгінде жоғары көрсеткішке жетіп, тоқтады. Одан артық деңгейге көтерілмейді. Өйткені, халқы көп, жері аз, Алматының түбі. Ал, Жаркенттің келешекте мықты аудан боларына сенем. Кедені бар, ауылшаруашылығы дамыған. Қазіргі жағдайды алар болсақ, Үкімет ауданға барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Жол десеңіз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы жатыр жарқырап. Алтынкөл бекетіне жеткізетін теміржолы қан тамырдай бүлкілдеп тұр. Табиғи газ жеткізілген. Негізгі кәсібі ауылшаруашылығы болғаннан кейін басымдық жүгері өсіруге беріледі. Биыл 26 мың гектар жерге өсірілген жүгерінің 20 мың гектарын жинап алдық. Түсім былтырғыдан кем болмайды.

Шындығында шаншыған шыбық өніп кетеді деген сөз Жаркентке қарата айтылған. Өсірген нәрсенің шықпай қалғаны жоқ. Жүзім, шабдалы, өріктің отаны деуге болады. Дегенмен ауданның басты табысы халықаралық «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығынан екендігі белгілі. Міне, пандемияға байланысты жұмыс істемей тұрғанына бір жарым жыл болды. Сол орталықтан мыңдаған адам табыс тауып, бала-шағасын асырап отыр еді. Қытай Халық Республикасы тарапынан қозғалыс болмағандықтан әлі күнге жабық тұр. Бұл – бір. Аудан үшін екінші үлкен мәселе «Нұр жолы» кеден бекеті болып отыр. Жақында «Достық», «Бақты», «Майқапшағай» кеден бекеттері жабылып, 2-3 мың жүк көлігі бізге жиналып тұр. Солардың орналасуы үшін құрғақ порттан жер бөліп, Үкіметтің қаулысымен арнайы тұрақ жасадық. Былтыр 3,5 мың жүк көлігі күре жолдың бойында 58 шақырымға тең кезекке тұрып, ТМД бойынша ең ұзын кептеліс жасады.

Соны теріс түсіндірушілер айғай-шу шығарып, мазамызды әбден алды. Кінә бізден емес еді. Қытай тарапы жауып тастаған. Осындай өзекті мәселені шешу үшін биыл Іле қазақ автономиялық облысының орталығы Қорғас қаласының мэрі Жарқынмен онлайн кездесу өткізіп, келіссөздер жасадық. Соның арқасында жүк көліктерін санитарлық тексеруден өткізетін өткелдердің саны 12-ге жетті. Сөйтіп, күніне шегарадан 70-80 жүк көлігі өтіп жатыр. Алдағы айларда күніне 100 жүк көлігі өтетіндей мүмкіндік қарастыруға берген уәдесін орындайтынына сенеміз. Өйткені, шегарашылар мен кеденшілер тікелей Қорғас қаласының мэріне бағынады.

Бір қызығы, жүк көліктерінің өтуі азайғанымен теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі ұлғайды. Пандемияға дейін шығарылған 2-3 пойыз жүк қазір күніне 14-15 состав болып шығуда.

Одан бөлек, еркін экономикалық аймақ деген бар. Мың гектарға жуық жерге түрлі жобаларды жүзеге асыруға болады. Электр жарығы, су, кәріз жүйелері тартылып қойған аймақ өндіріс орындарын салуға ыңғайлы. Яғни кез келген өндірілген тауарды қытай кәсіпкерлері көтерме бағамен алып кетеді. Осыған орай Үкіметпен келісіп, әуежай салуды ойластырып жатырмыз. Себебі, жүк тасымалдаудың ең өзекті мәселенің бірі болып отырғаны жасырын емес. Егер жобамыз жүзеге асса мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді.

Міне, осындай жағдайларды ескерсек Жаркент өңірі әлеуетінің жоғары екендігін байқау аса қиын емес. Сонымен қатар баламалы қуат көзін өндіру аудан үшін тиімді екендігі анық. Себебі, облыс бойынша біздің аудан жыл бойы күннің ашықтығымен ерекшеленеді. Ал, жергілікті халықтың ұғымымен есептесек, бұл өңірге татулықтың, ынтымақ пен ырыстың орныққанын байқауға болады.

– Негізгі тіршілігі ауылшаруашылығы болғандықтан мал басының өсу көрсеткіші қандай? Жолда келе жатып мыңғырған малдың қарасын көріп сүйсіндік.

– Қазір жайлаудағы мал күзеуге түсіп, көзге көріне бастады. Жазда Белжайлауға барып, тұяқты малдың санына қуанып қайттым. Биылғы құрғақшылықтың әсерімен шөп қалың болмады демесеңіз төрт түліктің өсіміне шағым жоқ. Қысқа дайындығымыз жақсы. Қазірдің өзінде шөп шауып немесе сырттан тасып жатқан шаруашылықтар бар. Сондықтан мал қыстату маусымына толық дайынбыз деп айта аламын. Биылғы қуаңшылықтың зардабын тартқан Маңғыстау облысына ауданның шаруа қожалықтары, әр ауылдың азаматтары бірлесіп 16 вагон шөп жіберді. Осының өзі жергілікті жұртшылықтың ауызбіршілігін, ынтымағын көрсетеді.

– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын айта отырып, аудандық деңгейдегі жолды ескерусіз қалдыруға болмас. Алтынемел асуынан бері шыққан күрежол әбден тозып кетіпті. Соны жаңарту жоспарда бар ма?

– Иә, бұл бағыттағы жол назарымызда. Біздің ауданға тиесілі тұсы соншалық сорақы деуге келмес, бірақ Алтынемел асуының іші тіптен сұмдық. Бірақ жасалып жатыр. Одан бөлек мына Іле өзенін кесіп өтетін көпірден Көкталға дейінгі, одан Жаркентке дейінгі, Жаркенттен Қорғасқа дейін созылып жатқан республикалық маңызы бар жолымыз да тозды. Оны жаңартуды келісіп жатырмыз. Келесі жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сосын облысқа қарайтын Шолақайдың жолын жасау жұмыстары биыл басталды. Жақында «Қазавтожолдың» мамандарымен жолығып, келер көктемде аяқталатынын білдік.

Одан кейін «Жаркент арасан» шипажайына апаратын 25 шақырымдық жолды жаңартып салдырдық. «Дихан Қайрат» деген шағын ауылдың кірме жолын жаңарттық. Енді Керімағаш шипажайына жеткізетін жолдың құрылысын бастауды ойластырып отырмыз. «Жаркент арасан» және «Керімағаш» шипажайларына күллі Қазақстаннан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көршілес мемлекеттерден келушілер баршылық. Соған байланысты ең алдымен жолдарды жасатуды қолға алудамыз.

– Елімізде «Қазақстанның сакральды орындары» деген жоба қолға алынған. Соған Панфилов ауданындағы Найзатапқан, Әулиеағаш, Жаркент мешіті сынды нысандар кірген. Осы бағыттағы жұмыс қалай қолға алынуда?

– Ауданға келген бетте Жаркент мешітін жаңартып, жасату үшін кезінде осы ауданды басқарған, қазір «Қазреставрация» мекемесінің басшысы Махаббат Бигелдиевке хабарласып, көмек сұрадық. Соның көмегімен биыл жаңарту жүргізіп, іші мен шатырын бояттық. Сыртын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Одан кейін күллі Қазақстанның жұртшылығы жақсы білетін Әулиеағаштың маңы көзге сұрықсызданып, көркі қаша бастағаны білінді. Соған орай жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Әулие- ағашқа апаратын жол, автотұрақ, дәретхана жаңадан салынды. Келген жұртшылық қасиетті мекеннің суынан қанып ішуі үшін қайнар бұлағының көзін ашып, айналасын көріктендірдік. Жеті адамның құшағы әрең жететін алып ағашқа мүгедектердің жақын баруы үшін арнайы пандус жасатып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ризашылығын алдық.

Өткенде ауданға іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Әулиеағашқа баруға өтініш жасады. Арнайы уақыт бөліп, қасиетті мекенге апардық. Сонда ұлты орыс бір әйел Әулиеағаштың жанында тұрып, үлкен қызына дұға жасағанын, арада көп өтпей бойжеткеннің тұрмыс құрғанын айтып, көпшілікті таң қалдырды. Сол әйел 2018 жылы келгенде мұндай жаңарту болмағанын айтады.

Бірде Әулиеағашқа барғанда шырақшының әйелі ымдап шақырды. Жақындасам есігінің алдындағы бетон табалдырықта жатқан қарасұр жыланды көрсетіп: «Көрдіңіз бе?! Бұл жылан 3-4 айда бір рет шығады. Елге көрініп қайта кетіп қалады. Осы жердің қорғаушысы осы. Бұл жолы сізге көріну үшін шыққан екен», – дейді.

Қазір Алматы қаласындағы туристік компаниялармен келіссөз жүргізіп, Жаркент өңірін туристік маршрутқа қосуын ұсынып жатырмыз. Алдағы уақытта келетін туристерге қызмет көрсететін компаниялар өз ауданымызда да ашылып жатса таңғалмаймыз.

– Қазіргідей әлеуметтік желілердің жеделдігімен Жаркент өңіріндегі оқиғаларды естіп жатамыз. Қаланың іргесіндегі крахмал-сірне шығаратын зауыттың мүңкіген иісі күллі атырапты алып кететінін айтқан тұрғындардың шағымын естідік. Осы бағытта қандай жұмыстар бар?

– Иә, Жаркенттің бір кемшілігі кәріз жүйесінің сасық исі еді. Одан құтылдық десек болады. Қазір зауыттан шығатын жуынды судың құбыры тазартылып, жаңадан салынды. Одан кейін зауыт басшылығы жаңа құрылғы орнатып, заманауи үлгідегі өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның арқасында мүңкіген иістен арылдық. Әрине, 100 пайыз жоғалды деуге келмес, дегенмен, кәдімгідей азайды. Алдағы уақытта кәріз жүйесін жауып, жағымсыз иістен толығымен құтылатын боламыз.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтаудың жаңа бір кезеңі басталды. Осыған қандай үлес қосып жатырсыздар? Қанша дегенмен Жаркент өңірі қызыл империяның қысымын аз көрмеген.

– Менің де туған атамды 1934 жылы байдың, болыстың, бидің баласы деген желеумен ұстап әкетіп, Қарағанды лагеріне жабады. Алайда жазған шағымы КСРО басшылығына жетіп, Мәскеу түрмесіне ауыстырылады. Сонда жатып, өзінің ақтығын дәлелдеп, әне-міне шығамын деп отырғанда туберкулезден қайтыс болады. Соған байланысты әкемді шешесі мен әжесі Жаркент өңіріне әкеліп, нағашыларына паналатады. Екі әйел 2 жасар баланы Сарыбел деген ауылға тығып, өсіреді. Күнде жатарда әжесі құлағына сыбырлап: «Сенің елің, жұртың басқа жақта. Осы ауылға жиенсің», – деп бар білгенін айтып отырады екен.

Сөйтіп, Сарыбелде мектеп бітіріп, оқуға түседі. Оқи жүріп мұғалім болады, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. 24 жасында әскерге алынады. Одан кейін аудандық атқару комитетінің хатшысы, төрағасы, Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Сөйткен әкем Қаскелеңде қайтыс болды. Сондықтан репрессиядан біздің әулет те құтылмапты.

Мен атамды көрмесем, әкем әкесін көрмеді. Әкемді екі шешесі бағып жеткізген. Қуып келгенде, Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романындағы Саймасай болыс менің 5-ші атам. Сондықтан, Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы тапсырмасы тікелей маған берілгендей естіледі.

Жаркентке әкім болуды облыс әкімі Амандық Баталов ұсынғанда көңілімде: «Әкемнің өскен ортасына, жүрген жеріне неге қызмет етпеске?!» деген ой тұрды. Сондықтан Панфилов ауданының әрбір жақсылығына, жаңалығына қуанып, жетістігіне марқаямын. Демек, шырайлы Жаркент маған да алыс емес.

Сөйткен әкем қайтыс боларының алдында балаларына арнап хат жазып, аманат сөз қалдырып кетіпті. Сол хатты өзіммен бірге сақтап жүрмін. Әрқашанда алдымда жатады.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген — Мәди АЛЖАНБАЙ.