Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүргізушілер наразылыққа шықты

0

31 қаңтарда түскі сағат 15:00-де Алматы мен Нұр-Сұлтанда шетелдік нөмірі бар көлік иелерінің митингісі басталды. Наразылыққа шыққандар биліктен көліктерді тіркеу шартын жеңілдетуді сұрады.

«Утилизациялық алым тым қымбат. Алым көлемін не үшін солай бекіткенін ешкім дұрыс түсіндірмейді. Бұл қаржы қайда кетеді? Жергілікті телеарналардың бірінің хабарлауынша, бұл жеке компанияларға кетеді» деді наразылыққа келген әйелдердің бірі.

«Көлікті бастапқыда тіркеу үшін 1 млн 325 мың теңге төлеуім керек. Мен утилизациялық алым туралы айтып отырған жоқпын. Бұл автодилердердің мүддесін ашық түрде қорғау» деді Санат Даукенов есімді жүргізуші.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатыр:

24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған.

Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq