Басты бет Шоу-бизнес «Ой, дауыс қайда?». Фонограммамен ұсталған жұлдыздар

«Ой, дауыс қайда?». Фонограммамен ұсталған жұлдыздар

1

Күні кеше премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев эстрададағы фонограмма мәселесін көтерді. Бүгінде әншілердің фонограмманы қолдануы – жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Кейбір әнші Қазақстан техника жағынан 100 пайыз жанды дауысты қолдануға әлі дайын емес десе, кез келген шарада тек тірі дауыспен өнер көрсететін әншілер жоқ емес. Өнер адамдарының фонограммаға көзқарасы, билік өкілдерінің ойы туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.

Билік өкілдері не дейді?

Былтыр қазанда Мәдениет және спорт министрлігі фонограммамен ән айтуға қатысты заң жобасын ұсынған еді. Министрлік енді әншілер жеке концерті фонограммамен өтетінін алдын ала ескертуі керегін атап өтті. Мәдениет және спорт министрлігі әншілер бұл туралы афишада хабарлағаны дұрыс екенін мәлімдеген еді.

Бұл мәселені министр Ақтоты Райымқұлова да бұған дейін бірнеше рет қозғаған. Министрдің айтуынша, Димаш Құдайбергеннің ізімен өзге елдегі жарыстарда жүлделі орын алып жүрген жастарымыз ән айтудың өзектілігін көрсетіп отыр.

«Фонограмманың түрі көп. Біздің министрліктің көзқарасы: өнер таза болуы керек және эстрада да жанды дауыспен айтылуы керек», – деген еді Ақтоты Райымқұлова.

Ал күні кеше премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ұлттық аспаптар үшін фонограмма қолданатындарға наразы екенін жеткізді.

«Әр әннің мағынасы болуы керек. Ал бізде қалай? Мазмұнын тыңдаңызшы. Фонограмма туралы да айттық. Соңғы кездері қобыз бен домбыраны фонограмма арқылы тартатын болды. Бұл музыка аспаптарын қорлау ғой. Қобыздың да, домбыраның да ерекше үні бар. Сол үшін де өзге халықтар бұл аспаптарды ұнатады. Оның бәрі ұрпақ тәрбиесіне де әсер етеді», – деген еді Бердібек Сапарбаев.

Фонограммамен ұсталған әншілер

Бұған дейін ән айтып жатқан кезде дыбыс өшіп не дауыс жетпей қалып ұятқа қалған әншілер желіде қызу талқыға түскен. Солардың бірі былтыр 19 маусымда Шымкент қаласы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертте әнші Қайрат Нұртас өнер көрсеткен еді. Видео желіде тарап, қызу талқыға түскен еді.

Желі қолданушылары бұл видеодан кейін әншіні сынай бастаған. Кейбірі «дұрыс ән айтпаса да, гонорары 15 мың доллар» екенін, ал кейбірі даусының қарлығып қалғанын айтқан.

Әншінің арт директоры Мира Келімбетова Tengrinews.kz тілшісіне Қайрат Нұртастың сахнада жүрген 12 жылында вокал конкурстарына талай қатысқанын, жанды дауыста талай жеке концерт өткізгенін айтқан еді.

«Шынымды айтсам, мұндайға қатысты пікір білдіргім де келмейді. (…) Бір қаскөйлер оның атын қаралағысы келеді, бірақ оған бола көңілімізді түсірмейміз. Құдай көріп тұр. Қайрат осыған дейін жанды дауыста ән салған да, салып жүр де, салады да. Біреулер хайпты ақшаға, ал біз тегін жасаймыз», – деп пікір білдірген еді әншінің өкілі.

Желі қолданушылары танымал әнші Төреғали Төреәлінің Star of Asia 2019 концертінде көрсеткен өнерін де сынап тастаған. «Төреғалидің тамағы ауырып қалыпты ғой», «Ой, дауыс қайда?» деп пікір қалдырған.

Ал әншінің айтуынша, әр кезде әртүрлі жағдай болады.

«Бір кезде көңіл-күйің болмай тұрады, бір кезде шынымен даусың шықпай қалады. Оған енді халық түсіністікпен қарайды ғой. Ондай сәттер болған кезде кімге ақталып отырасың? «Жоқ, негізі мен айта аламын» деген сияқты», – дейді әнші «Ревю» бағдарламасында.

Ал бұл әнші Ерке Есмаханның Төреғали Төреәлімен орындаған «Алло» атты әні. Видеода Ерке Есмаханның тыңдармандарына ықыласын білдіремін деп әннің жалғасып жатқанын ұмытып қалғанын аңғаруға болады.

Фонограммаға қарсы әншілер

Өнер адамдары осыған дейін фонограмма туралы түрлі пікір білдірген. Әнші Толқын Забирова «Ревю» бағдарламасына берген сұхбатында вокалмен айналысу көп еңбекті талап ететінін айтқан.

«Барлығын кәсіби вокалистер үйретеді. Егер де оған барып, үйренемін десеңіздер әрине есік әрқашан да ашық, үйренетін жерлер бар. Бірақ көбісі оны инемен құдық қазғандай еңбек екенін біле тұра, жалқауланып, бүгінгі қазақ эстрадасы сондай сауатсыз әншілер көбейіп кетті», – деген еді әнші.

Ал әнші Айқын Төлепбергеннің айтуынша, ол тек жанды дауыста ән салады. Бұл туралы әнші Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеген.

«Мұрын бітеліп, тамақ ісіп, қызу көтеріліп астанаға ұштық. «Фонограмма қоя сал» дейтіндерге айтарым: менің концертімде болған адамдар біледі, дауысым шықпай тұрса да әрқашан өз ісімді адал және айқын атқарғанмын. Тек жанды дауыс», – дейді әнші.


© instagram.com/aikyn

Роза Рымбаева да фонограммамен ән айтуға қарсы жұлдыздардың қатарында. Әнші кей өнерпаздардың жанды дауысқа келгенде түрлі сылтау айтатынын түсінбейтінін жеткізген.

«Неге маған барлығы кедергі болмайды? Мен ауылда да, стадионда да, қалада да, далада да жанды дауыспен ән айтамын. Білмеймін, неге екені, бірақ маған ештеңе кедергі болмайды», – дейді әнші НТК арнасына берген сұхбатында.

Бірде «Собеседник» басылымына берген сұхбатында әнші концерт кезінде болған келеңсіз жайт туралы айтып берген. Айтуынша, денсаулығы сыр беріп, мұрны бітеліп қалған ол сырқаттанып тұрғанына қарамастан, фонограммамен ән айтудан бас тартқан екен.

«Сахнадан шеттету керек»

Әнші Ғалымжан Молданазар жанды дауыста ән айтқысы келмейтін әншілерді сахнадан шеттету керек деген пікірде екен. Бұл туралы ол «Ревюде» айтқан.

«Менің жалпы түсінігім бойынша, егер сен әнші болсаң әнді тірідей орындауың керек. Егер тірідей орындамасаң сахнаға шығып керегі жоқ», – дейді әнші.


Ғалымжан Молданазар © instagram.com/moldanazar

Айта кетейік, фонограммамен ән айтуға тыйым салынған елдер де жоқ емес. Мәселен, АҚШ-та фонограмманы заңсыз қолдану, концерттік іс-шараларды рұқсатсыз өткізу алаяқтық болып есептеледі және заңмен қудаланады. Қытайда фонограмманы қолданған әншіге айыппұл салынса, Түрікменстанда фонограммамен ән айтуға 2005 жылдың тамызынан бері шектеу қойылған.

Ал өзбек елінде 2015 жылдың шілде айының аяғынан бері фонограмманы қолдануға тыйым салынған. Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде әншінің деңгейі лицензиялау арқылы шешіледі.

Дереккөз: tengrinews.kz

Загрузка...

1 Пікір

  1. Концерт өтікізілер алдында афишаларда анықтап жазылу керек әнші өнер кешінде фонограмма қоланады деп.. Немесе фонограмма қолданылмайды дееген сияқты.. Сонда екі жақта бір біріне өкпелі болмайды!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз