Алматы блок бекетіндегі оқиғаға қатысты тоғыз полиция басшысы жазаланды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Министр қызметкерлер арасындағы теріс қылықты дер кезінде анықтап, шара қолданбау салдары қайғылы оқиғаға себеп болған деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі полиция қызметкерінің қаза табуына әкеп соқтырған Алматы облысындағы блок бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тоғыз полиция басшысына қатаң шаралар қабылдады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Министр теріс қылық көрсеткен қызметкерлерге дер кезінде шара қолданбау, апат салдарының негізгі себебіне айналған деп санайды.

«Әрбір жетекші қарамағындағы бағынышты адамдарға жауап беріп, олардың арасында тәртіп пен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Алматы қаласының полиция басқармасында бұл жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде, біз бірден екі қызметкерден айырылдық, бір қызметкер ауыр жарақат алды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе туыстарымыз бен достарымыз үшін бұл қайғылы оқиға және орны толмас шығын», – деп атап өтті Тұрғымбаев.

Құқық қорғау органында жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде ішкі істер министрінің бұйрығымен жетекші лауазымдағы тоғыз қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Оның қатарында бұқаралық ақпарат құралдарында бұрмаланған ақпаратты ұсыну фактілері де назардан тыс қалмаған.

Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі К.Сатаев пен кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция полковнигі О.Мырзабеков және кадр инспекциясының бастығы, полиция полковнигі А. Ақылбеков қызметінен босатылды.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М.Саттаровқа (бұған дейін полк командирі болған), Алматы қалалық ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі С.Көкірекбаев пен Алматы қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Нашарбековке қызметтік міндетін атқаруға лайық еместігі ескертілген.

Оқи отырыңыз: Алматы тұрғыны блок бекетті бұзып өтпек болды: полицей көз жұмды

Ал Алматы қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Н.Алмасбеков пен Алматы қаласы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция подполковнигі С.Әзірбекке және Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланды.



sputniknews.kz