«Алматы Аруы — 2021» анықталды(Фото)

0

 

«Алматы Аруы-2021» атағын 24 жастағы студент Азиза Тоқашева иеленді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ол Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінде магистратурада оқиды. Мамандығы — менеджмент-маркетинг. Омбы гуманитарлық университетін бітірген. Алматыда қазақ мектебінде оқыған.

Азиза сегіз жасынан бастап халық билерімен айналысады, көптеген концерттер мен қалалық іс-шараларда өнер көрсетті. Қазір де бимен айналысуын жалғастырып жүр. Сонымен қатар, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға белсенді қатысады.

«Бала кезімнен сұлулық байқауына қызығатын едім, түрлі іс-шараларға, шоуларға қатысуға тырыстым, әлеуметтік және қайырымдылық акцияларында белсенді болдым. Балалар үйінде тәрбиеленушілермен жұмыс жасадым. Менің ойымша, сұлулық — бірінші кезекте, ішкі әлеміңнің сұлулығы. Өзіңізді жетілдіруге тырысыңыз, жан-жақты болыңыз, ең бастысы — мейірімділік», — дейді Азиза.

Алғаш рет өңірдегі байқаулар онлайн өтіп жатыр. Жұлдызды қазылар алқасы 10 финалистің сауалнамасын қарап, фотосуреттері мен визиткаларын көрді, ZOOM-конференцияда қыздармен сұхбат өткізді. Алғаш рет көрермендер қазылар алқасының отырысын және қатысушылардың сұхбатын көруге мүмкіндік алды.

Қазылар алқасында актер Тәуекел Мүсілім, әнші Мәдина Сәдуақасова, «Қазақстан Аруы — 2013» иегері, тележүргізуші Айдай Исаева, KFW негізін қалаушы, дизайнер, стилист AlexChzhen бар.

Бұған дейін Әйгерім Сухинова «Атырау Аруы» атанса, «Түркістан Аруы» 18 жастағы Сұлтанбибі Шахапова, «Ақтөбе Аруы» — Назерке Карманова,«Павлодар Аруы» — Айдана Жұмабекова, «Орал Аруы» Екатерина Кужекешова болған еді.