Алматы әкімдігі Роза Рымбаеваның концертіне жұмсалатын 220 млн туралы айтты

0

Алматы әкімдігі белгілі қазақстандық әртістер – Роза Рымбаева, Жәмилә Серкебаева және Марат Бисенғалиевтің қатысуымен өтетін концерттерге бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінетіні туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады Kznews.kz жаңалықтар порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

25 маусымда блогер Ерлан Нұрпейісов өзінің Facebook парақшасында Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының 2022 жылға арналған бюджет жобасын алғанын жазды. Оның айтуынша, Алматы әкімдігінің Мәдениет басқармасы қазақстандық үш өнерпаздың концертіне 220 млн теңге жұмсамақшы.

Бұл жазбаға Алматы әкімдігі жауап берді. Хабарда айтылғандай, Бисенғалиев, Серкебаева және Рымбаеваның концерттерін ұйымдастыруға қатысты есептер мәслихаттың жұмыс топтары мен сессияларында, сондай-ақ қоғамдық кеңес отырыстарында қаралған «жұмыс материалы» болып табылады.

«Талқылау барысында ұсыныстар мен ескертулер негізінде оларға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, Жәмилә Серкебаеваның концертіне бюджеттен қаржы бөлінбейді деп шешілді. Бір ғана концерттің жарнамалық науқанына да қаржы бөлінбейді. Әлеуметтік желілердің жекелеген қолданушылары жариялаған бағалар мәдениет бөліміне коммерциялық құрылымдар мен әртістердің өздері ұсынған есептердің нұсқалары ғана» делінген ресми жауапта.

Әкімдік сондай-ақ, кез келген жағдайда бюджет шығыстарының барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін концерт ұйымдастыру қызметін сатып алу ашық тендер арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.

«Алматыда концерт мен фестиваль өткізу қала өмірінің дәстүрлі және өте маңызды бөлігі екенін атап өткен жөн деп санаймыз. Пандемияға байланысты екі жылдық шектеулерден кейін өнер қайраткерлерінің бастамаларын қолдау маңызды» деп атап өтті әкімдік.