«Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарымен оқыту тәртібі айқындалды

0

«Әліппе» оқулығы оқушының жас ерекшелігіне байланысты жазылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.

«Жаз кезінде «Әліппе» оқулығына байланысты өзгерістер мемлекеттік стандартқа енгізілгенін хабарлаған едік.

Қазіргі кезде «Әліппе» оқу бағдарламасын жасаудың жұмысы аяқталып, бекітілді. «Әліппені» енгізудің, қайтарудың маңызы зор екенін атап өткім келеді. Себебі «Әліппе» алғашқы оқулық болса, ол міндетті түрде оқушының жас ерекшелігіне, физиологиялық ерекшелігіне байланысты сай болуы керек. Балалар мектепке 6 жастан қабылданады.

Осы орайда жұмыс тобы ауқымды шараларды атқарды», — деп тоқталды Ш. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, 20-дан астам жұмыс тобының отырысы өткізілді.

«Бұл тұрғыда ғылыми негізге, тәжірибелік қолданысқа қатысты бірнеше ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы зерделеніп, нақты авторлардың қатысуымен жұмыс тобы өзіне тиесілі шараларды атқарды», — вице-министр.

Өз кезегінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім орталығының директоры Манара Адамова жаңартылған білім мазмұны 2016 жылдан енгізілгеннен бері, елімізде бірінші сыныптан «Сауат ашу» оқулығы пайдаланылып келгенін еске салды.

«Ата-аналар тарапынан «Әліппені» іздегендер көп болды. «Сауат ашу» мен «Әліппенің» айырмашылығына тоқталсақ, «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары «Сауат ашудың» ішіне кіріктірілген болатын. Енді қазір әзірленіп жатқан оқу бағдарламасына сәйкес шығарылатын «Әліппе» оқулығы мен «Ана тілі» бөлек болады. 2021-2022 оқу жылынан бастап екі оқулықпен бірінші сынып балалары білім алады», — деді орталық директоры.

Оның сөзіне қарағанда, «Әліппе» 96-98 сағат көлемінде бірінші жартжылдықта оқытылады. «Әліппеге дейінгі» кезеңге 2 апта уақыт бөлінеді. Одан кейін «Әліппе» оқулығы бойынша оқыту жалғастырылады.

«Қаңтар айынан бастап, яғни үшінші тоқсанға көшкен кезеңнен оқу мен жазуды жетілдіру үшін «Ана тілі» оқулығының аясында оқыту жалғастырылады», — деді М. Адамова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланған. Биыл тамыз айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзгерістің аясында мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді.

inform.kz